Өтеген батыр
Батырды халық сағынып,
Қайғы, уайым жамылып,
Қоқаннан көріп зорлықты,
Тар кешу, қиын жылдарға
Жетісу елі жолықты,
Қара күн туған көп халық,
Көз жетпей сәуле жарыққа,
Уайым мен опық жеп,
Тебінгіден теп кеппей,
Күнде аттанып жорыққа,
Көп қиналған халықтың
Тілегі батыр болыпты.
Батыр туса білекті,
Берсе деп шіркін тілекті.
Қайтпас мүйіз жүректі,
Батыр бер деп сүйекті,
Ру, ел басын құрайды,
Бір батыр деп сұрайды,
Сонда батыр туғанша,
Халық қалай шыдайды.
Батырмын деген ерлерді
Халық қатты сынайды.
Айдынды ер болмаса,
Өз басын өзі қорғаса,
Түн ұйқысын бұзбаса,
Түн жамылып тұрмаса,
Кезеңдей жерден кездесіп,
Ел дұшпанын ұрмаса,
Қайтіп көпке ұнайды?!