Өмірбаян

1-08-2019, 00:13
Өтеген батыр Өтеғұлұлы (Мүйізді Өтеген) (1699-1773) -ХVIII ғасырдың І жартысында Жоңғар  басқыншылығына қарсы  күрескен батыр.

 Ұлы жүздің Дулат тайпасынан шыққан. Бабасы Сырымбет 1635 жылы Ойрат ханы Батырдың 50 мың әскеріне қарсы соққы берген. Салқам Жәңгірдің  сапында ұрысқа қатысқан.  Өтеген батыр 15 жасынан  жоңғарларға қарсы соғысқа қатысып, қазақ елінің  түстігін, Жетісу мен Шығыс Қазақстан өңірін  жаудан азат етуге зор  еңбек сіңірді. Түркістан, Ташкент маңындағы  кескілескен  ұрыстарға, Аңырақай шайқасына қатысты.  Осы ұрыстарда қалмақтың   Бөтхишар, Сабан Тайшық секілді  атышулы  батырларын  жекпе-жекте жеңіп, қазақ әскерінің даңқты қолбасшыларының  біріне айналды.  Төле бидің, Абылай ханның сенімді серігі болды. 
 Батырдың ерлігі аңызға айналып Күсеп, Майкөт, Сүйінбай, Сарбас, Жамбыл, Әлмейін, Тілеміс, Кенен секілді  көптеген ақын-жазушылардың    жыр-дастандарына   арқау болған.  Бұлардың ішінде  бізге жеткені - Жамбылдың “Өтеген  батыр” дастаны. Өтеген батыр туралы дерек-аңыздарды  әдебиетшілер  Е.Ысмайылов,  Қ.Тұрғанбаев,  Н.Смирнова,  С.Бегалин, М.Үмбетаев зерттеді. Ал тарихшы Ә.Ділебаевтың жазбалары Өтеген батыр туралы тарихи  деректердің ішіндегі ең құндысы. Сол сияқты жазушылар Ж.Сатаев, М. Ысқақбай, журналист А.Бәйек және тб Өтеген батыр туралы ғылыми танымдық кітаптар шығарды. Кейбір зерттеушілердің мәліметтеріне  қарағанда,  батыр Бұқара, Самарқанд,  Кабул, Исфахан, Тегеран,  Стамбұл сияқты қалаларында  болып,  білім алған.  Өтеген батырдың соңында атағы ғана емес, Қосағал, Қосдәулет,  Асау, Ылау,  Бертіс, Базарбай, Аюса,Тарпаң есімді  балаларынан тараған үрім-бұтағы да қалды. Атақты Байсерке күйші, Тілеміс шешен Өтеген батырдың ұрпағы. 
 Батыр әуелі Іле өзенінің  бойына (қазіргі Қапшағай су қоймасының аумағы) жерленген. Кейін 1973 жылы үкіметтің арнайы рұқсатымен ұрпақтары батыр бабаларының сүйегін  Қордай ауданынындағы өздері мекен еткен ауыл маңындағы қырға арулап  қойды.  Қазіргі кезде ауыл батыр есімімен - Өтеген ауылы деп аталады. Алматы облысындағы  бірсыпыра елді мекендер батыр есіміне ие.  1999 жылы Өтеген  батырдың  300 жылдығы республикалық деңгейде  аталып өтті.      
 Қазіргі таңда батыр баба  қабірінің басына  кесене  тұрғызылып,  ескерткіш қойылған.  Батыр туралы екі телефильм түсіріліп,   үш кітап жарық көрді. Алматы қаласының  орталық көшелерінің біріне,  Іле ауданының орталығы Энергетический кентіне  Өтеген батыр есімі берілді және 2018 жылы желтоқсан айында бабамызға арналып Өтеген батыр кентінде Алматы-Өскемен тас жолының бойында ескерткіш орнатылды.  
 Осы жылдың мамыр айында бабамыздың атажұртына белгі тас орнатылды.
Бөлісу:
up