Ұрпаққа ұран болған ұлы бабам

27-09-2019, 22:49

Айзада Байек

Ұрпаққа ұран болған ұлы бабам

         Ежелден ен даланы жайлаған, сахараның сары самалын, кәусар ауасын жұтып өскен халқымыз қазақ атанып, ел болғалы небір қиямет-қайымды бастан өткізіпті. Бақсақ, қып-қысқа ғұмырындағы бір сәттік қуанышы мен қызығын осы сайын даладан іздеген, арманын да ажалын да осы даладан тапқан бабаларымыздың бар өмірі сол дала үшін арпалыспен өткен екен. Өздері өзгелерге көз алартып, қылышын көтеріп, сес көрсетпегенімен қырдың еркін де ерке өскен өр халқын бағындырып алып, өктемдік етуге құлшынғандар, ұлан-байтақ мекенді иемденуге ұмтылғандар әр замандарда табылып тұрғанды.

         Сан жылдарға, тіптен ғасырларға созылған бұл жортуылдар мен жорықтар көшпелі халыққа аракідік арқа басын босатып, тұсауын кеңітуге мүмкіндік бергенімен, алаңсыз, қайғы-мұңсыз тіршілік кешуіне мұрсат бермегенді. Шырын тірліктің шырқын бұзған шапқыншылықтар көне дәуірлерде осынау аймақты мекен еткен, жауынгерлігімен, жаугерлігімен қыр төсін дүбірлетіп, дүрілдеткен искиттер мен сақтардың, ғұндар мен қыпшақтардың, үйсіндердің ұрпақтары – ата-бабаларынан шетсіз-шексіз өлкені ғана еншілеп қоймай, олардың өжеттігі мен қайсарлығын әке қанымен, ана сүтімен бойына дарытқан – қазақтардың намысын қоздырып, жігерін жанытып, көкірегінде кек отын тұтатқаны хақ. 

         Әншейінде аңқау да ақпейіл, момын халық ел шетіне жау тигенде, тас түйін болып, белін шарт буып, бес қаруын асынып, ата-баба әруағына сыйынып, жауға қарсы аттанатын. Елдің, жердің тағдыры қылыштың ұшына, білектің кұшіне қарап қалған, ердің нарқы мен парқы сын талқысына түскен сол бір ауыр шақтарда халқымыздың бағы мен бақытына туған елім деп еңіреген ержүрек ұлдары аз болмаған. Сондықтан да болар қазақ халқы қашаннан батырларын ханнан артық қадірлеген, басына көтеріп, сый-құрмет көрсеткен. 

Бөлісу:
up