Байсерке

9-04-2019, 09:27

Шу станциясына жақын жердегі разъездің бір жұмысшылар барағында ұзақ уақыт кәресін шамның жарығы көрініп тұрды. «Пәли-пәли» деген дауыстар естіліп тұрды. Түн ортасынан ауған кез. Бірақ шамы әлі сөнбеген. Тыңдаған адамдарға біресе домбырада, біресе гармоньда біресе гитарада ойнаған, ән салған адамның дауысы естіліп тұрды. Аласа ғана балшық үйде темір жол жұмысшылары симай отырды. Мұнда орыстар, украидар, қазақтар, қырғыздар бар еді.
 Терезенің алдында жуан ағаштың үстінде бір аяғын бір аяғының үстіне салып, отыз бес жастар шамасындағы орта бойлы, өткір көзді, қараторы жігіт отырды. Адам көптігінен үйдің іші ысып кетті. Жігіт мезгіл-мезгіл орамалымен бетін сүртіп отырды. Бірақ үнемі құйылып отырған тер басылмады.Жігіттің айналасындағы домбыра, балалайка, гитара, гармонь сияқты музыка аспаптары жатты. Ол осы аспапатарды кезекпе-кезек қолына алып, бәрін де өте шебер ойнайтынын көрсетті. Отырғандар жігіттің күлкілі әндеріне, күйсаздарды құран оқып отырған молданың, қожаның дауыстарымен әуеніне салғанына үнемі күлумен отырды. Ол өзінің Алматының қыздарына арнаған татар әндеріне ұқсас өлеңдерін айтты. Әннің сөздерінде өзінің қыздарды сынайтын өлеңінде ол айтқанын істемесе, олардың кейбір қылықтарын халыққа жария ететінін келтірген жерлері бар. Мезгіл-мезгіл жігітті жөтел қысып отырды. Тыңдаушылар оның жөтелі қашан басылар екен деп үнемі күтумен болды.
Кенеттен ол айтып отырған әнін қоя салып, қолына домбырасын алды да, сәл бұрауын келтіргеннен кейін бірінен соң бірін бастырмалатып, бірнеше күйді төгіп-төгіп жіберді. Ара-арасында олардың шыққан тарихына байланысты оқиғаларды айтып қояды. Осындай түсіндірме сөзімен де тыңдаушыларын жалықтырмай күлдіре отыра, еріксіз аузына қаратады. Күні бойы шаршап-талғандарын ұмытқан жұмысшылар ертең жұмысқа ерте кететіндерін білсе де, тырп етпестен, қимылдамай отыр. Міне ендігі тартатын күйдің алдында домбырашы бір ұзақ оқиғаның тарихын айтып кетті: Жетісуда Далабек деген батыр өмір сүріпті. Ол бір тайпа елдің мыңдаған жылқысын жалғыз өзі бағады екен. Ол кезде ұры-қары да көп болған деседі. Бай жарлыны, көп ру аз руды, күшті әлсізді қақсатқан заман болыпты. Далабек Ұлы жүздің бетке ұстар мықтысы екен. Оның атын естіген жұрт сескенеді екен. Бір күні Далабектің ауылына жау шауыпты. Батыр қапелімде өзінің меншікті атын тауып міне алмай қолына түскен атпен шапқыншылардың соңынан қуа жөнелді. Жау жағы басып болып және шауып жүріп найзамен шанышқылайтын үйреншікті жүйрігі жоқ, Далабек бөтен атпен өнерін көрсете алмай, жараланып, еріксіз қолға түсіп, пәнде болады. Бірнеше күннен кейін олжалы қайтқан жаулары ауылдарына жетіп, той-думан жасайды. Ерліктеріне мақтанады. Далабекті ұрып-ұрысып қорлайды, намысына тиеді. Оның қолын артына байлап қойып жаңа сойған өгіз терісіне басынан басқа жерін орап, байлап тастайды. Тері кеуіп құрғаған сайын оны сығымдап, өлтіре жаздайды. Бұл аз дегендей батырдың басына малдың қанын жағып, бүркітке бас терісін шоқытады. Ол осындай жан түршігерлік азапты қыңк етпестен көтереді. Берген тамақтары да өлмесінің күні болады. Сөйтіп бір айдай уақыт өтіп кетеді. Күннен күнге күш-қайраты сарқылып, өлетін мезгілі де таянған сияқты. Жауынан кек ала алмай, сүйікті анасы, туған жер, өскен елін көре алмай жүйрік атына міне алмай бара жатқанына қатты өкінеді.
Түнде, барлық жан ұйқыға кеткенде алыстағы ауылын өзені мен көлін, туған жерін топырағын әнге қосып зарланады. Далабек тек батыр ғана емес, тамаша домбырашы, әнші болады. Бір елдің еркесі атанған ол енді тағдыр ісімен жатжұртта көмусіз қалуға мойынсұнып отыр. Оның мұндай мұңын кім естіген. Бұл жердегінің бәрі де батырдың жауы болғаны ма? Шынымен-ақ қол ұшын беретін тірі жаннын табылмағаны ма? Бұлай болып қалуы мүмкін емес! Біреу болмаса біреу адамшылық жасар. Қанша қаныпезер болса да, осыншама елдің ішінен неге бір жанашыр табылмас дейсің. «Үмітсіз шайтан болсын»-деген. Үмітім әлі үзілген жоқ деп жатып ұйықтап кетеді. Бір кезде маңдайына тиген жылылықтан шошып ояна кетсе Далабектің маңдайын нәзік саусақтарымен сипап байдың Қалыш атты сұлу қызы тұр екен. Айлы жарық түннің сәулесі қыздың сұлу жүзін, ондағы әлде бір қайғының ізін көрсетіп тұрғандай еді. Батырдың анау-мынауға ояна қоймайтын сезімі осы жолы ерік бермей , көңілі босап, жылап жібергенін өзі де байқамай қалады. Көп уақыттан бері қыздың жылы, жұмсақ қолы түгіл жылы сөз естуден қалған Далабекке бұл үлкен жақсылықтың нышаны болып көрінеді. Жат елдегі халықтың бәрі де Далабекке жау болмағанымен бірақ оған келіп сөйлесіп, қал-жайын сұраудан Қотырды ашуландырып алармыз деп қорқатын. Өзі бай, бір ауылдың қожасы атанған Қотыр өзінің қатыгездігімен ғана емес, айналасын шауып алып, мал дүниеге тоймайтын ашкөздігімен, жамандықтан өзге ойламайтын кекшілдігімен халыққа жексұрын көрінуші еді. Қотырдың Қалипа/авторда Қамена, біз Қалипа деп түзеттік, ред/, Қалыш деген екі сұлу қызы болады. Оларды әкесі тұтқында ұстағандай үйден шығармай ойын-күлкі, той-думанға аттатып барғызбайды екен. Қалыш өзі әнші, тек әкесі ауылында жоқ кезде ғана ән салып, көңілін көтереді екен. Өзі де оттай жанған өткір болады. Қалипа-ақылды, салмақты момындау болып өседі. Қалыш әкесінің белгілі батыр, өнерпаз адамды тұтқындап отырғанын бұрыннан сезсе де, бірақ көмектесудің жолын, оның қайғысын қайткен күнде жеңілдететінін білмей көп жүреді. Бір жағынан азулы әкеден де қатты қорқады. Күндердің бір күнінде Қалыш ебін тауып Далабекті бағып тұрған күзетшіге көп сыйлық беріп, батырмен сөйлесуге мүмкіндік алады.Қалыш оған көкейіндегі сырын бүкпей айтып береді. Егер ұстап алып өлтіреді деп қорықпасаң, біз сені қалайда тұтқыннан босатуға жәрдемдесеміз. Қыз сөзіне сенер-сенбесін білмеген Далабек өңім бе, түсім бе деп ойлап біраз үн-түнсіз жатады. Өзіне-өзі келгеннен кейін ол бүйтіп тірі өлік болып жатқанша, күресіп өлгенім артық деген шешімге келеді. Мұнан кейін екі қыз күзетшінің тамырын басып, осы біздің әкемізге айтып қоймас па?-деген оймен жан-жақты тексеріп алады. Адалдығына көздері жеткеннен кейін Далабекті босатудың қамына кіріседі. Оны жақсылап тамақтандырып, күшін жинап алуға мүмкіншілік туғызады. Сонымен батырмдың арманы арманы орындалатын күн де жақын қалады. Қыздар Далабектің үстіне қаптап тастаған теріні тіліп жіберіп босатып, қару-жарағын, қалқан, семсер, өлген ағасының сауытын сайлап береді. Екі жүйрік ат дайындап, біреуіне Далабек, екіншісіне Қалыш мініп алып, жолға шығады. Бұлар оң сапар тәлеп, жылап-сықтап Қалипа қыз қалады. Қуғаншылар оларды екінші күні қуып жетеді. Далабек бір өзі бірқанша қолмен ұрыс ашады. Жекпе-жекке келуден тайсалған Қотыр Далабектің арт жағынан келіп атпақ болады. Мұны байқап қалған Қалыш әкем мені аяр деген ниетпен көкірегімен Далбекті қалқалай бергенде, ажал оғы қызды өлтіреді. Ызаға булыққан Далабек бұл жерде Қотырды өлтіреді. Басшысын жоғалтқан жау бет-бетімен қашып кетеді. Еліне оралған Далабек сүйген қызын, өзін өлім тырнағынан алып қалған ардықты адам Қалыштың ескерткіші болсын болсын деп, «Қалипа-Қалыш» деген күй шығарыпты. Бұл күйді Есім деген күйшіден атақты Байсерке үйреніпті. Байсеркенің шәкірттерінен осы әңгімені айтып берген мен үйренген едім,- дейді.
Бұл Жетісудағы атағы шыққан ақын, әрі домбырашы Қатшыбай Таубаев еді. Ол 1929 жылы өзінің осы әңгімесін немересі Темірбеков Ахметке айтып бергеннен кейін сол жылы туберкулез ауруынан қайтыс болады.
Қатшыбай Түрксиб құрылысында жұмысшы болып істейді. Қолы бос уақытта ол жолдас-жораларының арасында өз өнерін көрсетумен ән айтып, күй тартумен айналысады. Ол орыс тілінде де жақсы сөйлейтін, орыс халқының музыка аспаптарында да еркін ойнап билеу қабілетімен де көзге түседі. Киімді де қала үлгісімен киіп, бойын да тазы ұстап жүретін адам екен. Қазақтың алық музыкасы мен поэзиясын жақсы білетін ол орыс, татар, ұйғыр, өзбек, қырғыз музыка өнерімен де таныс болады. Тамаша әнші, шебер домбырашы Қатшыбай Жетісудан шыққан Байсеркенің әуенді күйлері «Қалипа-Қалыш» және күй тариының сақталып, кейінгі ұрпақтарға жетуіне біраз сіңірген адам. Алайда Байсеркенің өз өмірі мен творчествосы жөніндегі сақталған деректер өте аз.
Байсерке 1841 жылы осы кездегі Жамбыл облысының Шу өзені бойында туған. Әкесі Қылыш етікшілікпен шғылданып жүрген. Ол кезде етікшілік ету де кірісі мол, құрметті кәсіп түрі болған-ды. Бір етікші айлап жатып, бір үйлі жанның аяқ киімін тігіп беретін. Ішкен тамағынан бөлек еңбек ақысына мал, пұлын алып қайтатын. Бұл күн көрудің үлкен көзі еді. Жақсы етікшілер бай адамның баласына бір етік тігіп беріп, ат мінетін кезі де болады. Осындай өмірді кәсіп еткен Қылыш ел қатарынан қалмай өмір сүреді. Тек кейбір көре алмас ағайындарының: «Ата жолын қумай, өнбес іспен айналысқаны несі?!»-дейтін күңкіл сөздері Қылышты алған бағытынан қайтара алмайды. Өйткені ол Жамбыл поэмасының басты кейіпкері Өтеген батырдың шөбересі көрінеді. Не де болса, осындай өзінің күнделікті еңбегімен үй-ішін асырап, күн-көрісі жаман өтпейді. Соның арқасында Байсерке де жоқтық көрмей өседі. 
Жалғасы бар...
Ахмет ЖҰБАНОВ




Бөлісу:
up