Рухани жаңғыру

2-10-2019, 03:48
Қордайда  Өтеген  батырдың 320 жылдығы тойланды Өткен  жексенбіде рухани  жаңғыру  аясында  елдіктің  туын желбіретіп, ерліктің  рухын  көтерген  ұланасыр оқиға --- ұрпаққа ұран болған Өтеген  батырдың  320  жылдық мерейтойы   өтті. 
      Таңертеңнен аудан орталығындағы  Өтеген  батыр  ескерткішінің алдына халық  көп жиылды. Қордайлықтар ғана емес, алыс-жақын қалалардан, аудандардан келген қонақтар  қаншама. Осыдан  жиырма жыл бұрын ---   үш  жүз жылдығын тойлау кезінде  орнатылған  батырдың жез  салтатты  бейнесі таң  шапағымен  шағылысып жарқ-жұрқ етеді. Ақ  мәрмәрмен  қапталған  биік   тұғырдың  үстінде бес  қаруын  асынып  желе жортқан батыр сол қолымен ат тізгінін  тарта түсіп, оң  қолын  әнтек көтеріп қалың   жасағына  белгі  беріп  тұр.   Ұрпағының, қалың қазағының  тыныштығын  күзетіп тұрғандай...
      Ескерткіш  алдына  гүл  шоқтарын  қою рәсімінен  кейін,  барша жұрт іргедегі  «Өтеген  батыр» атындағы  аудандық  мәдениет  үйіне бет алды. Оның  кіреберісінде батырдың  Абылай  ханнан әкелген әйгілі  шұбар  тегенесі  қойылған.  Бізге  жеткен аңыз  бойынша бірде хан  үш  жүздің  батырлары мен  билерін  жинап үлкен кеңес өткізіпті. Бұл жиынға  ұлы  жүзден --- Төле би,  Бөлтірік  шешен, Саурық, Өтеген,  Жауғаш  батырлар қатысқан.  Келелі  бір  мәселе  шешімін тапқаннан кейін Абылай хан қоштасар алдында  батырлар мен  бекзадаларды  ақ  ордаға енгізіп  үлкен  шарадан балдай  сары  қымыз құйғызады. Өтеген  батырлардың ішінде ең жасы  екен. Бір сөз кезегінде: --- Тақсыр,  сізге  бір  датым бар, --- дейді  ханға.
  --- Айт! --- дейді  хан. 
--- Ханым, адам көргенге  сене ме,  айтқанға  сене ме? --- дейді.
--- Әрине  көргенге сенеді, --- дейді хан.
--- Олай  болса сіздің  мына қымыз құйған  шараңызды осы  жиынның  куәсі  ретінде аға  балаларына   апарып көрсетейін,--- деп Өтеген ортадағы  тегененің шығыршығынан ұстап  өзіне  қарай  тарта түседі. Хан  жас  батырдың  меселін  қайтармаған.   Ұлы  жүзге осылай  келген тегене  бүгінде батырдың  сегізінші  ұрпағы  Бақытжан Бекбатыровтың қолында. Осындай үлкен жиын тойларда    тегенеге  дәм толтырып   жұрт назарына ұсыну дәстүрі  қалыптасқан.
         Кезінде батыр  туралы «Мүйізді  Өтеген» деген кереқарыс кітап  шығарған көрнекті  жазушы Марал Ысқақбай  кеңінен толғап  сөз алды.  Дулат---Жаныс---Жарлығамыс   Өтеген  Өтеғұлұлы 1699 жылы Шу  өзенінің бойында,   Изенді  деген  жерде дүниеге  келген.  Жастайынан Іле  матайлық Тауасар  бидің  баласы Қазыбекпен  бірге Бұхара, Самархан, Шам, Бағдат, Ыстамбол, Ромға  барып тоғыз  жыл оқып оралады. Бұл туралы Қазыбек  бектің «Түп  тұқияннан өзіме  шейін» кітабында кеңінен  баяндалған.
             Өтеген  Төле  биден  бата алып, Абылай  ханның  оң   тізесін  басқан  батырларының  бірі. Қазақ  жерін жоңғар  басқыншыларынан  азат ету жолында  Түркістан,  Ташкент маңындағы кескілескен ұрыстарға, Аңырақай  шайқасына  қатысты. Қалмақтың  Ботхишар, Сабан Тайшық   сынды белгілі батырларын  жекпе-жекте жер  жастандырып, қазақ әскерінің  даңқты  қолбасшыларының  бірі  болды.  
         --- Батырдың ерлігі аңызға айналып, Күсеп, Майкөт, Сүйінбай, Сарбас, Жамбыл, Әлмейін, Тілеміс секілді ақын-жыраулардың  жыр-дастандарына арқау  болған.  Ел аузында Өтегенді батырлығымен қоса жиһангер, көріпкел әулие  ретінде танытатын аңыздар да сақталған. Батыр жетпіс  төрт жасында  Іле бойында өмірден өткен. Қапшағай су  қоймасы  салынуына  байланысты  ұрпақтары 1973  жылы сүйегін  Қордай жеріне әкеліп қайта  жерлеген. 1999 жылы Өтеген  батырдың 300 жылдығы республикалық  деңгейде атап өтіліп, басына кесене  тұрғызылды,  аудан  орталығында ескерткіші  орнатылды, елді мекенге, көшелерге есімі берілген. Сондай-ақ,  Алматы  қаласының  орталық  көшелерінің  біріне, Іле  ауданының  орталығы Энергетический кентіне Өтеген  батыр есімі  берілді. Өткен  жылы осы  елді  мекенде батырдың үлкен ескерткіші  орнатылды,---  деді Марал Ысқақбай.
        Жиында  сондай-ақ, Қазақстанның  еңбек  сіңірген  дәрігері, белгіл меценат Мүсілім Дайырбеков, Алматы  облысынан  қонақтарды  бастап келген Іле  ауданы  әкімінің орынбасары Алмасбек  Сәтібаев, Іле ауданы  ардагерлер  кеңесінің төрағасы Әмзе Әлдібекұлы, Тараз  қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек  Олжабай  және  басқалары сөз алып, батырлық пен  елдікті әспеттеудің  жас ұрпаққа патриоттық  тәрбие  берудегі  маңыздылығын атап көрсетті. «Мүйізді  Өтегеннің  мүйізді  ұрпақтары» кітабының  тұсаукесері  өтті. Сахна  төрінде қордайлық  жезтаңдай әнші Қарлығаш  Қожағазина, Алматы  облысы Іле ауданының әжелер  ансамблі Өтеген  батыр рухына арналған  әндерін тарту етті.
          Бұдан соң  жұрт  мерейтойдың  кіндігі --- Өтеген  ауылына қарай ағылды. Алдымен  ауыл  шетінде  күмбезі  күнге  шағылысқан батырдың  кесенесіне  тізе  бүгіп бабалар  рухына  бағышталған  құранға ұйыды.  Ауыл  мешіті  маңындағы алаңқайда  орнатылған ашық сахна мен  күрес  кілемінің  айналасында,  тіпті,  ине  шаншыр орын жоқ. Бас  жүлдеге  су  жаңа автокөлік  тігілген туйе палуан күресіне еліміздің әр шалғайынан атан  жілік, бура санды  28  палуан келіпті. Өзара белдесулерден кейін ақтық  сынға  төртеуі  шықты. Үшінші орын үшін болған күресте 2016 жылы «Қазақ барысының» қола жүлдегері тараздық  Айбол Айтбек өткен  жылы «Алматы барысы» атанған Дәурен Нұралиновтан  басым  түсті. Ал, бас жүлдеге таласта  біздің  облысымыздың  палуаны, дзюдодан  Қазақстан  құрамасының мүшесі  Жақып  Дәулетханның  жұлдызы жанды.  Ол осыдан екі  жыл бұрын «Әскер барысы» және «Қазақстан  барысы» атанған  қызылордалық Еламан  Ерғалиевті  қапыда қалдырып,    «Лада Гранта»   темір  тұлпарын тізгіндеді.   Мұнда да ашық  сахна төрінен ән мен жырдан  шашу шашылды.   Мерекені  ұйымдастыруға  белсене атсалысушылар мен қадірлі  қонақтарға  сый-сыяпаттар жасалып жатты.   Іргедегі  мешіт асханасы мен киіз  үйлерде көпшілікке ас  берілді.
    Түстен кейін бар қызық ат спорты  ойындарына ауды.  Ат үстіндегі аударыс  жеңімпаздары жүлдесіз  қалған  жоқ. Ал, жүлденің  төресі ат  бәйгелеріне тігілді. Қордай  ауданының  Құрметті  азаматы, осы Өтеген ауылының  қадірменді  қариясы  Тұрған  Жасыбаевтың  ақ  батасымен  отыз үш  шақырымдық  аламан  бәйгеде  Алматы облысы Қарасай  ауданынан Әлнұр Назарбаевтың атақты  жүйрігі «Үшқоңыр» алдына  ат салмай  келіп, иесіне «Тойота Хайлюкс»  көлігін  мінгізді. Екінші  келген  «Ақмоншақ» атты сәйгүліктің иесі  «Нива» автокөлігін олжалады. Сондай-ақ, топ бәйге мен  құнан  жарыста аты   озып келгендер де   темір  көлікті  болды.
            Сөйтіп,   ерлік пен елдікті паш еткен,  осы екі  қасиет барда басқаның  қолда  боларын меңзеген   мереке   баршаға мол қуаныш сыйлады. Күн астнда  күмбезі  жарқыраған әулие, батыр, дана Өтеген  бабамыздың аруағы  бір аунап түскен  күн  болды бұл. 
                                                                                                                              Құрманбек  ӘЛІМЖАН,
                                                                                     Қазақстан  Журналистер одағының  мүшесі.  
                                                                                                                                        Жамбыл  облысы.
                                                            

















































 

Бөлісу:
up