Соғыста – алдыңғы шепте, еңбекте озаттар қатарында болған еді...

8-06-2020, 05:13

Міне, Отан соғысындағы Жеңіс туы желбірегелі 75-ші көктем де келді. Арада бүтін бір ұрпақ алмасты.    Қан майданда қаһармандық көрсетіп,  бейбіт өмірде де лайықты іздерін қалдырып бақилық болған әкелер рухы ешқашан ұмытылмайды. Уәлихан Бекбатыров та сол бір алапат соғыстың өрт-жалынынан кейін туған жерді көркейтуге мол еңбек сіңіргендердің бірі болатын. Ол кісі туралы сөзді Абылай ханның батыры болған Мүйізді Өтегенсіз сабақтау қиын.  Ол - Өтеген Өтеғұлұлының жетінші ұрпағы.  Батыр бабасының  хан сарайынан қолқалап алып келген әйгілі шұбар тегенесін осы әулет көздің қарашығындай сақтап келеді.  Бізге жеткен аңыз бойынша бірде хан үш жүздің батырлары мен билерін жинап үлкен кеңес өткізіпті. Бұл жиынға Ұлы жүзден Төле би, Өтеген, Жауғашты батырлар қатысқан екен. Келелі бір мәміледен кейін Абылай хан қоштасар алдында батырлар мен бекзадаларды ақ ордаға енгізіп ортаға қойылған үлкен шарадан балдай сары қымыз құйғызады. Өтеген батырлардың ішіндегі ең жасы екен. Бір сөз кезегінде:
- Тақсыр, сізге бір датым бар,- дейді ханға.
- Айт! - дейді хан.
- Ханым, адам көргенге сене ме, айтқанға сене ме?
- Әрине көргенге сенеді, - дейді хан.
- Олай болса, сіздің мына қымыз құйған шараңызды осы жиынның дәлелі ретінде аға балаларына апарып көрсетейін,- деп Өтеген ортадағы ыдысты шығыршығынан ұстап өзіне қарай тарта түседі. Хан жас батырдың меселін қайтармаған. Емен ағашының тамырынан өте шебер зергерлер ойып жасаған, ішіне төрт-бес шелек су сиятындай үлкен тегене оңтүстікке осылай келген екен. Өткен ғасырдағы ашаршылықта жаны қиналған Кішкей деген кісі тегенені қырғыздарға бір тайға сатқалы тұрған жерінен Жолдасбай аталары ту биеге айырбастап алып қалыпты. Содан бері киелі жәдігер Жолдасбайдың, одан інісінің тұяғы Уәлиханның қолына өткен.
Өтеген батыр қазақ жерінің тұтастығы үшін кезінде жоңғарға қарсы қолына найза алған болса, араға екі ғасыр салып неміс фашизмін ойрандаған көптеген ұрпақтарының бірі біз сөз етіп отырған Уәлихан Бекбатыров. Ол балалық шағы аштыққа, жігіттік кезі соғысқа тұс келіп қаршадайынан өмірдің ыстық-суығында пісіп, өзін-өзі қамшылап биіктерге қол жеткізген азамат еді.
Отызыншы жылдарғы ашаршылық алдымен ата-анасын жалмады. Бірі жеті, бірі төрт жасар тұлдырсыз жетім Уәлихан мен Мамырханды Жолдасбай атасы Қарақоңыз балалар үйіне тапсырады. Кейіннен інісін бір қырғыздар асырап алып, Уәлихан жалғыз бауырынан да көз жазып қалады. Балалар үйінде есейіп, білім алып 1943 жылы он сегіз жасында әскерге шақырылады. Қиыр Шығыста кіші офицерлер дайындайтын курстан өтіп, бөлімше командирі кіші лейтенант болып майданға жөнелтіледі. Екінші Украин майданында қолбасшы маршал Коневтің әскері құрамында соғысады. Киев, Варшава қалаларын және Украина, Польша, Германияны фашистерден тазартуға қатысады. Взвод командирі лейтенант У. Бекбатыров жеңіс күніне небәрі қырықшақты күн қалғанда Берлин түбінде аяғынан ауыр жараланып, екінші топтағы соғыс мүгедегі атанып елге оралады.
У.Бекбатыровтың мереке күндері омырауын жауып тұратын жауынгерлік наградаларының әрбірінің жеке тарихы болатын. Талай мәрте ажалмен бетпе-бет келді. Екі мәрте жараланып, алғашқыда емделіп жауынгерлік қатарға қосылғанмен, келесіде ажал аузынан қалды. Бірінші дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Ерлігі үшін» медалін сұрапыл соғыстан тағып оралса, кейіннен еңбек майданында да оннан астам үкіметтік наградаларға ие болды. Соғыстан кейін 1946-54 жылдары Меркі ауданының «Большевик», «Победа» колхоздарында бухгалтер, бас бухгалтер болып істеді. 1954-59 жылдары Қырғыз Ауылшаруашылық институтында оқып агроном мамандығын алып шығады. Одан кейін Красногор ауданының Калинин атындағы колхозында агроном, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың қолдауымен Қордай ауданының Чапаев атындағы колхозына басқарма төрағасы болып тағайындалады. Бұл қызметті он жылдай абыройлы атқарады. Осы кезеңде Қаракемерде екі қабатты мектеп, мәдениет үйін, колхоз кеңсесін, наубайхана, балалар бақшасын, МТМ, автогараж, қырман, ауыл көшелеріне су құбырын, Масаншы ауылымен аралықтағы Қарақоңыз өзеніне көпір, тұрғын үйлер және басқа да құрылыстар салғызады. 1970- 78 жылдары аудандық дайындау кеңсесінің бас инспекторы, одан кейін «Талапты» совхозының директоры болып 1985 жылы республикалық деңгейдегі дербес зейнетке шықты. Адал да жемісті еңбегі үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, оншақты медальмен марапатталған. 1968 және 1977 жылдары Мәскеудегі Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне қатысып, бірнеше мәрте еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесіне депутат болып сайланады.
Уәлиханның кісілік келбетін танытатын жарқын істері туралы да көп айтылады. Соғыстан келісімен ол ең алдымен қырғызға кеткен жалғыз бауырын іздеп табады. 1973 жылы Өтеген батырдың сүйегін Іле бойынан әкеліп Қордайға қайта жерлеу шараларының да басы-қасында жүрді. Батыр бабасының сүйегі Қапшағай су қоймасының астында қалатын қауіп туғанда оны Қордайға көшіру ісіне бастамашы болып қана қоймай, құзыры жеткенше барлық шараларды ұйымдастырып, материалдық қолдау көрсетіп отырды. Аудандық ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау кеңсесінің бас мемлекеттік инспекторы қызметінде жүрген кезі. Жасы елуге де толмаған білімді, жігерлі, жан-жақпен байланыстары бар іскер басшы еді. Бұрыннан жақсы білетін азамат, сол кездегі Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровқа барып, мәселенің мән-жайын таныстырады. Ол республика басшылығын құлақтандырып, батырдың қабірін қазып алуға мәдениет министрлігінің рұқсатын алып береді. Өтегеннің сүйегі Іле бойындағы Шеңгелді деген жерден 1973 жылдың 16 – 18 маусым аралығында қазып алынып, 20 маусым күні Қарасу бойындағы зираттың ең биігіне арулап қайта жерленді. Бейітінің басына қойылған алғашқы гранит ескерткішін, темір қоршауды да ол өз қаражатына жасатты.
У. Бекбатыров зейнетке шыққан соң көп ұзамай, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы орын алып, көтерілісті ұйымдастырды деген жаламен Асқаровтың тұтқындалып Мәскеу түрмесінде жиырма жеті ай жатқаны оған ауыр тиеді. Кезінде Өтеген батырдың сүйегін қазып әкелуге септескен Асқаровтың Фрунзеде жиырма айға созылған соты барысында күн құрғатпай барып қолдау білдіріп тұрды. Сот аяқталған соң барлық іс құжаттары Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың қарауына өтеді. Сол күндері бұрын облыстық деңгейде ірі қызметтер атқарған бір топ беделді азаматтармен бірге Уәкең де президенттің қабылдауында болып Асанбай Асқаровтың нақақтан сотталып отырғанын, оның халық алдында ерен еңбегі барын айтып, мүмкіндігінше жаладан арашалап босатуын сұрайды. Ақаев азаматтық танытып, Мәскеудің жымысқы саясатымен шығарылған Қырғызстан Жоғарғы сотының үкімін әділетсіз шешім ретінде күшін жояды. Асқаров толық ақталып, босанып шыққанда оны түрме аузынан қарсы алып, үйіне дейін шығарып салады. Кейін Асқаров үлкен той жасап Қордайдан аудан әкімі Б. Әденов екеуін арнайы шақырып құшағына алып, қысталаң кезде қолдау білдіргендері үшін алғыс айтады.
Басшылық қызметтер атқара жүріп Уәкең көптеген жас мамандардың отбасын құрып аяқтануына, қызмет сатыларымен өсуіне де жағдай жасап отырған. Қазір Қаракемер ауылында тұратын жасы сексеннен асқан қария Садық Далдаев айтады:
- Алпысыншы жылдардың басында біз жаңа үйленген едік. Зайыбым Әсия екеуміздің де әкелеріміз соғыстан қайтпаған. Ұжымшар бастығы Уәкең бізге әкеміздей қамқорлық жасады. Сол кісінің ақылымен құс фермасын қолға алдық. Аянбай адал тер төгіп жетістіктерге жеттік. Мен жоғарғы оқу орнында оқып мамандық алдым. Біздің үй болып, өмірден өз орнымызды табуымызға Уәлихан ағаның көмегі зор болды...
Сондай-ақ, Әнуәрбек Байжанов, Тұрғанбек Байзақов, Самархан Сырлыбаев, Сағынтай Нұркеев сынды жас мамандардың тәжірибе жинап шыңдалуына ықпал етті. Ал, туыс інісі Шернияз Жылқыбеков болса Уәлиханның соғыстан келісімен жаралы аяғын сылти басып жүргеніне қарамастан жатқа кеткен інісін іздеп тапқан бауырмалдығын, білім қуып өз күшімен Фрунзеде институтта оқып ғалым-агроном мамандығын меңгерген еңбекқорлығын аузынан тастамайды. У. Бекбатыров жиырма жылдай бұрын дүниеден озып, сүйегі Өтеген батыр кесенесінің қасына қойылды. Қан қасап соғыстағы ерліктерімен және бейбіт өмірдегі өнегелі істерімен ел жадында сақталған кешегі соғыс қаһарманының артында бір қауым ұрпағы бар.

Құрманбек Әлімжан,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Жамбыл облыстық «Ақ жол» газеті.
11 наурыз,2020 жыл

Бөлісу:
up