Тұп-тұқианнан өзіме шейін

1-09-2019, 22:00

Шапырашты 

Қазыбек бек Тауасарұлы


Менің замандастарым 

Өтен екеуіміз

         Мен Бұқарадан келген соң бала оқыттым. Оны айттым. Бірақ содан қара танығаннан кейін оқып кеткені – Өтеген Өтеғұл баласы. Ол доңыз жылы туған, менен бір жас үлкен екен. Екеуіміз менің он жасымнан бастап бірге болдық та, өле-өлгенше ажырамадық. 


         Өтеген Өтеғұлұлы әкесіне құдай берген жеті ұлдың бірі еді. Ол сан жағынан алғанда төртінші ұл болатын. Шешесі Ұмсындық ақжарқын, өте фазылды, ғазиза кісі еді. Әкесі Өтеғұл – шаруа адам. Малды да, жанды да кісі еді. Өйткені туған-туысқандары өте көп адамдар болатын. Сол малды сол кездің өзінде бізден малға кедейлеу болатын Бұқара, Самарқант жерлеріне көбірек айдап, соның әсерімен алтын ақша жинаған Қасқарау-Сырымбет тұқымы Өтеген ауылы еді. 

         Өтен маған он жасымда ерді де, содан дүниенің біршама жерін бірге шарладық. 

         Алдымен Өтеғұл бай айдаған малмен екеуіміз бірге шығып Бұқараға, одан Самарқант бардық. Онда Торын қажының қолында бір жыл тұрдық. Бұқара, Самарқант тұрмысы, олардың адамдарының жиіркенішті, жәһиллік ақшақұмарлығы маған ұнамады. Жаңа келген, оқу іздеген Өтенге мұның бәрі қызық болды. Мен болсам бұрын да Халимол медресесінде төрт жыл шәкірт болып, көп жайдан уағыз алып, нәмуәнә алып, ендігі біраз нәрсемен тәхрис болған болған жайым бар-дүр. Мен Өтеннен бөлек ғараб тілін оқи бастадым. Өйткені маған мұнда қызығатын ештеме болмады. Торын хазірет менің өзімше, басқа тілдерді, бөтен ілімдерді оқығанымды жақамады. Сондықтан Өтен білгенімен, Торын хазіреттен хұпият ғарапшаны зиһіндей жүрдім. Менің көп жағдайды мүдәрристерім Бұқара базарындағы саудагер сарттар болды. Бұқара базарынан сарттың қисусанын кездестірер едің. Солардан дүниедегі ең көне китаптың бірі «Ауастаны» алып оқыдым. «Шахнаманы» да осылардан алып оқып, содан алғаш қазақ атын кездестіргенде, Өтенге тәһсирленіп, ол екеуіміз төңіректегі қазақ ауылдарына барып, үш күн қымыз ішіп, қызара бөртіп тойлап жүрдік. 

         Бұқара елі, мұнымен сабақтас жатқан оғыз-түрікпендер, қарақалпақтар елін де осы кездері Өтен екеуіміз әбден кездік. Қыздарының мұрнына салған әребегін көріп, Өтеннің есі кеткені бар-ды. «Қазкен, - дейтін ол, - біздің елде сіргені енесін еміп қояды деп тана-торпаққа салушы еді, мына түрікпендер мен қарақалпақтар қыздарға салады екен». Мен Өтеннің әрбір сөзін еске сақтауға тырыстым. Оның себебі: жанымда жүрген жалғыз жанашырым Өтен болмаса, мен қалай жүрмекпін. Тіпті бұдан бұрын төрт жыл жалғыз қалай жүргеніме кейде таңқалатын едім. 

         Өтеннің сауаты күн сайын ашылып, үмәттікке фазылданып, оқуды өзіне уазифа етіп алды. Оқыған ғұламаларға тағдим ету, нашарларға фазылдық көрсету сияқты жай енді оның күн сайынғы әдет-ғұрпына сіңісіп барды. Біз уәжіп-парызымызды атқару мақсұтымызды жеңіп, ұмытып, қызық қуыа кететініміз де көп болды. Мәсжідке барғанда, момақан болып, мүлгіп барамыз да, былай шыға бере өзімізше жүретін едік. Бірақ қалайда білуге, мағрифатқа қаты асық едік. 

Бөлісу:
up