Байсерке- қазақ күй өнерінің ХІХ ғасырдағы ірі өкілдерінің бірі. Жетісу күйшілік мектебінің негізін қалаушы күйші-композитор.
Жетісу күй өнерінің негізін қалаушы атақты халық композиторы Байсерке Қылышұлының бұл жинағының жариялануына 2001 жылы күйшінің 160 жылдығын атап өтуге байланысты қолға алынған шаралар себеп болды. Осы оқиға қарсаңында белгілі жазушы Марал Ысқақбай ұзақ жылдар бойы елеусіз қалған ұлы жерлесінің жоқтаушысы ретінде бірталай ізденістер жасап, әркімнің жеке архивтерінде сақталып келген күйлерді жинастыруға кіріседі. Соның нәтижесінде 15 күйін тауып, оларды оркестрге түсіруді ойластырады.
Бұл істе оған елімізге есімі кеңінен мәлім композитор Дүңгенбай Ботбаев қария қол ұшын беруді өзіне парыз санап, құлшына кіріседі. Оның басты себебі-күйші шығармашылығымен сонау студент кезінен таныс екен. Сонымен Дүкең әуелі «Ұран», «Қалипа», «Қалыш», «Қалипа-Қалыш» секілді төрт күйін оркестрге түсіріп байқайды да бірте-бірте күйші шығармашылығының ішіне еніп, тағы алты күйінің партитурасын дайындайды.
Осы аралықта М.Ысқақбай «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде «Домбырасы ұрандаған Байсерке» атты үлкен мақала жариялап, оны Мәдениет министрлігі мен Жамбыл облысы әкімшілігі назарына ұсына отырып, күйшінің 160 жылдығын атап өту мәселесін көтереді. Бірақ ресми орындар тарапынан құлшыныс байқалмағасын, ол міндетті Қазақстан авторлары қоғамы (төрағасы М.Ысқақбай) мен «Өнер» баспасы (директоры Ә.Көпіш) мойындарына алып, Құрманғазы атындағы Академиялық халық аспаптары оркестрімен бірлесе отырып үлкен кеш өткізеді.
Бұл кеште Дүңгенбай Ботбаев дайындаған он күймен қатар оркестрдің бас дирижері, Қазақстанның халық әртісі, профессор Айтқали Жайымов оркестрге түсірген «Баба ұраны» және «Қазан» күйлері де орындалды. Сондай—ақ бұл кеште Байсеркенің талантты шәкірттері Бердібек, Сатқынбай, Қатшыбай, Тіленді, Темірбектердің де күйлері шалқыды. Кеш қазақ мәдениеті тарихында орны бар үлкен оқиғаға айналды.
Сонымен қатар осы он екі күй Құрманғазы оркестрінің орындауында Қазақ радиосының алтын қорына жазылып алынды.
Осы жасалған үлкен шаруаның түйіні ретінде кітап шығару мәселесі қоса қарастырылған еді.
Кітап негізінен үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге Байсерке бабамыздың 15 күйінің домбыралық нұсқасы енсе, екінші бөлімге Дүңгенбай Ботбаев оркестрге түсірген 13 күйдің, Айтқали Жайымов дайындаған екі күйдің партитурасы енгізілді.
Үшінші бөлімге атақты күйшінің өмір жолы мен күйшілік өнер жөнінде жазылған Ахмет Жұбанов, Д.Ботбаев,М.Ысқақбай, Д.Ахметбековалардың мақалалары топтастырылды.
Қазақтың дәстүрлі күй өнерін бағалайтын жұртшылық қолына бағалы мұра тимекші.
Байсерке күйші. Кітапты құрастырып, баспаға әзірлегендер: Марал Ысқақбай, Дүнгенбай Ботбаев. Алматы.Өнер баспасы, 2003