Абылай хан бірде үш жүздің билерін жиып:
- Қилы-қилы заман болады,
Қарағай басын шортан шалады, - деген сөздің шешеуін табыңдар, - депті.
Жиналғандар көп ойланыпты, бірақ шешуін таба алмапты. Сонда көпшілік ішінен біреу Абылайға келіп:
- Көп ойлап, әуреге түскеннен не пайда? Біз бәрібір шеше алмаймыз. Бұл сөзді би шешсе Арғындағы бала Бостан шешеді, ал батыр шешсе Дулаттағы Өтеген шешеді, - дейді.
Осы сөзді естіген соң Абылай алдымен Бостанды шақыртыпты. Арада біраз күн өткен соң Бостан да келіп жетіпті. Абылайдың үйі толған кісі екен. Бостанның жас кезі. Абылай оны көрсе де Бостан деп ойламапты, көңіл бөлмепті. Біраздан соң Абылай алтын аяққа қымыз құйғызып, енді аузына ала бергенде:
- Хан ием, тоқтаңыз. Хан екілі болса, елі шашыңқы болады, - депті Бостан.
Сонда Абылай:
- Мен бұрын бұлай сөйлейтін кісіні көрмеп едім, сен осы Бостан емессің бе? – деп сұрапты.
Жас қонақтың бала би Бостан екенін білген соң Абылай одан «Қилы-қилы заман болады, қарағай басын шортан шалады», - деген сөздің шешуін сұрайды.