Мүйізді Өтеген

6-09-2019, 22:13

Марал Ысқақбай

Мүйізді Өтеген

Батыр деген барақ ит – 

Екі долы қатынның бірі табады. 

Би деген бір бұлақ – 

Қатынның ілуде бірі табады, - 

деген екен данышпан Төле би.

 Ел тізгінін еппен ұстар кемеңгер көсемнің, ағайын бірлігін шайқалтпастан, жаңылмай сөйлер данагөй шешеннің сирек туар құбылыс екеніне еш шүбәміз жоқ. Сондай-ақ ғасырлар бойы майдан алаңына айналғандай-ақ төсінен дұшпан атының тұяқ дүрсілі арылмаған ұлан далада ғұмыр кешкен ата-бабаларымыз шетінен шешен болып тумағанмен, шетінен батыр болып өсуге мәжбүр болғанына да шәк келтірмейміз. Әйтпесе, осынау ұшы-қиырсыз кең-байтақ сахараны көзінің сұғы, көңілінің дығы бітпейтін айнала көп дұшпаннан қалай қорғап қалар еді? «Екі долы қатынның біріне» батыр ұл сыйлағаны үшін рақымы мол Алла-тағалаға мың да бір рахмет! Қара қазан, сары баланың қамы үшін тоқымын – төсек, ерін жастық етіп, жортуылмен күн кешкен, тірлік мағынасын тек ел шетінің амандығынан, отан іргесінің бүтіндігінен тапқан сол ерлерге – жүздеп туып, андыздап өскен сол батыр бабалар әруағына мың да бір тағзым! Жандары жанатта болғай!

         Бір жыл емес, он жыл емес, ғасырларға жалғасқан зобалаңы мол сол замандарда бел шешіп жайлы төсекте жата алмай, сойылын құшақтап түзде түнеген ер-азаматтың қай-қайсысы да атаның тұзын, ананың сүтін ақтап өткеніне күмән айтар кісі сірә да табылмас. Бүгінгі жер басып жүрген тірі қазақ түгелдей батырлар ұрпағымыз деп мақтанса жарасқандай екен. Көзіміз оған енді-енді жете бастағандай. 

         Әйтсе де, тарихы хатқа түспеген елде сол мың сан батырдың есімі қайтіп түгел сақталсын. Халық жады ол ерлердің ұмытылуы мүмкін емес ең ірі тұлғаларын ғана әкеп табыстаған біздерге. Бәлкім, мұнда бір белгілі заңдылық бар шығар. Әйтсе де, көп ретте олардың істеген ерліктері тарих шаңының астына көміліп, ғасырлар қатпарында қалып кеткен де, тек алыстан талып естілген батыр үніндей болып есімдері жеткен. Енді біреулері тарих жадына сенбегендей, аңыздың, ертегінің кейіпкеріне айналып, әдебиет әлеміне қоныс аударып қонған.

Бөлісу:
up