Өтегеннің дүниеге келуі

12-09-2019, 22:25


         Өтегеннің әкесі Өтеғұл елу бес жасқа келгенде, азамат болып, ер жетіп отырған он екі ұлы оба ауруынан қайтыс болыпты. Он екі ұлынан бірдей айырылған Өтеғұл күндіз-түні жылаудан көз ашпапты. Сөйтіп қан жылап жүргенінде Өтеғұлдың түсіне бір ақ сақалды шал кіріп:


         - Әй, Өтеғұл, өлген он екі ұлыңды қайта берейін бе, әлде он екі ұлға татитын екі ұл берейін бе? – дейді. 

         Сонда Өтеғұл:

         - Қойшының аздығы да, көптігі де өлімтік, берсең, он екі өлікті қойып, екі ұлыңды-ақ берші, - депті. 

         Ақсақалды адам:

         - Ендеше жылама. Он екі ұлыңа татитын екі ұл бердім, - дейді. 

         Өтеғұлдың жасы елу беске, әйелінің жасы қырық тоғызға келгенде әйелі жүкті болып, ұл туады. Өлгенімді өтеді деп, атын Өтеген қояды. Өтегеннің артынан туған ұлының атын өлгенім табылды деп, Табылды қояды. 

         Өтеген елі сүйген батыр, даңқты кемеңгер, халқының қамын ойлаған қамқоршы болыпты. 

         Хамза Амандықов

Бөлісу:
up