Өтегеннің қыз беруі

13-09-2019, 22:27


         Өтеген бірде ел аралап жүріп өзі қатарлас Әжібай деген бір жолдасының үйіне қонаққа келеді. Әжібайдың өзі үйінде жоқ екен, әйелі Өтегенді құрметтеп күтіп, мал сойып, сый-сияпатын жасайды. Әйел қонаққа қам жасап, ас-су дайындап жүргенде тұлымы желбіреген үш-төрт жасар бала шешесінің мазасын алып, қыңқылдап жылай берген соң Өтеген:

         - Ей, қызым, жылама, - деп сәбиді жұбатады. 

         Бас үйітіп отырған Әжібайдың әйелі: - Бұл қыз емес, ат ұстар еді, - дейді.

         Сонда Өтеген: «Ат ұстар болса, бұл шіркін маған күйеу бала болсын», - деп баланың маңдайынан сүйеді. 

         Содан арада бірнеше жыл өтеді. Өтеген баласы Аюса екеуі ел аралап келе жатып, Әжібайдың ауылының тұсына келгенде Өтеген мінген аттың шідері үзіліп қалыпты. Өтеген:

- Сен мына шідерді алып Әжібайдың үйіне бар. Бас артық шідері болса алып кел, - деп Аюсаны Әжібайдың үйіне жібереді. Аюса шідері алып Әжібайға келеді, Өтегеннің шідер сұратып жібергенін айтады.

         Әжібай үзілген шідерді сау шідерге қосып, екі шідерді екі қолына ұстап тұрып:

         - Уа, жұртым, Өтеген екеуміз құда едік. Ол менен бір шідер сұратып жіберіпті. Мен оған мына шідерді бердім. Шідердің үш бұтағы Өтегеннің үш түлік малы, желісі әртүрлі кәдесі, енді мен Өтегеннің қызының қалың малынан құтылдым ба? – деп әзілдейді ағайындарына. Ерігіп отырған көпшілік оны қостай жөнеледі. Аюса шідері алып, Өтегенге келеді, болған жайды баяндайды. 

Бөлісу:
up