Өтегеннің аман келгенін естіген әр рудың жақсылары, әз-киелері түгел жиналады. Төле бидің көңілі көтеріліп, өлді деген Өтегеннің туған жерге аман-сау келгеніне арнап ақбоз айғырды шалдырады. Өзі де көңілі көтеріліп, бауырының сөзін жалықпай тыңдайды.
Елден аттанған күннен бастап, қай жерде болғанын, қай елдерді аралағанын, түп-түгел жігін жатқызып, әңгімелейді. Өтегеннің сөзін тыңдап отырғандардың біразы «астапыралла» деп жағаларын ұстайды. Кейбірінің көзіне жас келіп, сүйектері босайды. Әңгімеге қаныққан Төле би о баста Ұлы жүзге жердің бетінен қолайлы қоныс ізде деген сөзін есіне алып:
- Еңіреген еліңе тапқан жерің бар ма? Құшағын ашар ел бар ма? Сен кеткелі қанша жыл, қайырын құдай берер ме? Шығыстан Қытай қаптаса, Қалмақтан тыным таппаса, Бұқар, Қоқан, Хиуа қылышын жалаңдатып, бір жыл тыныш жатпаса, халқымның күні не болар? Үш жүзді бөліп ап, күңірентер ме екен елімді? Сындырса бүтін белімді, кімнен алам кегімді? Мамыралайтын қалың ел, таптың ба, айтшы жеріңді? – деп жамбастап, жастыққа сүйенеді.