МӘТІНДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ ЖӘНЕ ДІНИ ЕСІМДЕР
Алла (Аллаһ) – бүкіл ғарышты, тіршілік дүниесін және қиямет-қайымды жаратушы, Ислам дінінің баршаға бірдей, жалғыз және құдіреті күшті Құдай есімі.
Құран Кәрімде айтылғандай: Алла – жалғыз, Алла – мәңгілік, ол тумайды да туылмаған, әрі оған ешкім тең емес.
Мұсылмандардың түсінігі бойынша, Алла Тағала әлемді, жерді, өсімдіктерді, жануарларды және адамды жаратты. Ол адамдардың тағдыры – жазмышты белгілейді. Қияметте Алла барлық өлгендерді тірілтеді де, пәниде істеген қылықтарын таразылап, біреулерін – жұмаққа, басқаларын тозаққа жібереді. Адамдарды дұрыс жолға түсіру үшін Алла Тағала оларға мезгіл-мезгіл пайғамбарларды жіберіп тұрған. Атап айтқанда, Мұса (Моисей) мен Иса (Иисус) осындай өкілдер болды. Мұхаммед – Алланың адамдарға жіберген соңғы Елшісі; оған Алланың Құраны Жәбірейіл періштенің дәнекерлігімен 23 жылда толық түсті.
Алланың нақты бейнесі жоқ және ол бейнеленуге тиіс те емес. Намаз оқып, сәждеге бас қою арқылы ғана оған берілгендікті білдіруге болады. Ал, табынудың басты орны – Меккедегі Қағба болып саналады: онда аспаннан Алла жіберіпті деп есептелетін қасиетті қара тас бар.
Алла Тағаланың құдіреттілігін, әділеттілігін, қайырымдылығын, т.с.с. басқа өзіне ғана тән қасиеттерін оның тоқсан тоғыз тамаша есімдері көрсетеді. Мысалы: Акбар (ең ұлық), Тағала (ең жоғары), Кәрім (жомарт), Рахман (мейірімді), Рахым (рақымды), Халық (жаратушы), Шәріф (қасиетті), Ахад (жалғыз), Самад (мәңгі), Жаппар (құдіретті), Ғафұр (кешірімді), т.б.
Алланың атын зікір ету рәсімі Әлхамдулиләһи, Сұбхан Аллаһ, Аллаһу Акбар деген мадақ сөздерді отыз үш реттен іштей күбірлеп, тасбих тастарын санамалау арқылы жүзеге асады.
Абылай хан, Әбілмәнсұр (1711-1781) – ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі – Жошы хан, бергі бабалары қазақ ордасының негізін салған әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Жәңгір ханнан – Уәлибақы, одан – Қанішер Абылай, оның ұлы Көркем Уәлиден Әбілмәнсұр туған. Қанішер Абылай (Әбілмәнсұр) «Ақтабан шұбырындыда» жетім қалып, үйсін Төле бидің қолында түйе бағады. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қояды. Абылай 1730.-33 ж.ж. аралығында болған бір ұрыста қалмақтың бас батырын жекпе-жекте шаншып өлтіреді. Үлкен атасының әруағын шақырып, жауға «Абылайлап» ат қойған жас жігіт жеңісті соғыстардан кейін Абылай аталып, қазақ даласындағы беделді билеушілердің біріне айналады. Мұнан кейінгі саналы өмірін қазақ халқының тәуелсіздігін сақтап қалуға арнап, ат үстінен түспеген. Сүйегі Түркістан қаласындағы қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішіңдегі Қабырхан мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген.
Аюса (шын аты – Аюке) – шежіре деректеріне сүйенсек, Өтегеннің жалайыр руынан алған зайыбы – Айғаным Қосағал, Қосдәулет, Бертіс, Асау, Ылау, Аюса, Тарпаң атты атты жеті ұл табады. Батырдың кіші әйелі – Нұржанан туған ұлының аты – Базарбай. Белгілі тарихшы Ә.Ділібаевтың зерттеулеріне қарағанда, Аюса – Өтегеннің асырап алған ұлы. Бірақ батыр оны өзге ұлдарынан артық көрген және ең маңызды мәселелерді шешуге Аюсаны жұмысап, қолқанат еткен. Аюса ер жүрек, туыстарына адал, жорықтарда әкесінің жанынан табылатын елгезек жан болыпты. Қазір оның ұрпақтары Жамбыл обылысы, Мойынқұм ауданы, Өтеген аулында тұрады.
Баба Түкті Шашты Әзіз – қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне. Ол туралы аңыздардың бірінде есімі Баба Туклас деп көрсетіледі. Әкесі – Керемет Әзіз. Мұсылмандар арасында әулие саналған. Меккеге қажылық сапармен барушылар ең алдымен Мұхаммедтің, онан кейін Әли Муртаза Сейіттің, содан соң Баба Тукластың қабіріне барып тәу еткен. Баба Түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Йасауидің арғы бабалары, ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі деген болжамдар бар.
Бөгенбай батыр – арғынның қанжығалы деген тармағынан шыққан, жоңғар шапқыншылығына күресте асқан ерлігімен, тамаша қолбасшылық дарынымен танылған тарихи тұлға. Тәуке ханның көзі тірісінде шақырылған құрылтайда қазақ әскерінің қолбасшылығына тағайындалған Бөгенбай 1723 жылы қазақ жеріне тұтқиыллдан баса-көктей енген жоңғар басқыншыларына Бұланты өзенінің жағасында Саурық, Тайлақ, Малайсары батырлармен тізе қоса отырып алғаш рет тосқауыл қойып жеңіске жеткен. Ақтабан-шұбырынды оқиғасынан кейінгі барлық елеулі қақтығыстарға қатысқан Бөгенбайдың Қабанбай батырмен бірлесе қайраткөрсету арқылы Арқа менен Алтайды жаудан азат етіп, қазаққа қоныс етіп қалдырғаны Үмбетей жыраудың атақты шығармасында арнайы атап өтіледі.
Қабанбай батыр, Қабанбай Қожақұлұлы, Қаракерей Қабанбай, Дарабоз – 1692 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Барлық тауында дүниеге келіп, 1770. жылы сонда қайтыс болған. Азан шақырып қойған емісі – Ерасыл. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше көзге түсіп, талантты қолбасшы ретінде аты шыққан. Найман ішіндегі Қаракерей руының Байжігіт атасынан.
Қыдыр баба – көптеген шығыс халықтарының, сондай-ақ қазақтардың да мифтерінде, фольклорында, діни аңыздарында жиі кездесетін, аты аңызға айналған архаикалық образ.
Оның генезисі, тұлғалық сипаты өте күрделі, әлі толық зерттеліп айқындалмаған. Бір ғалымдар Қыдыр бейнесін көне архаикалық түсінік, көзқарастармен байланыстырып зерттесе, кейбір ғалымдар – тек ислам ықпалымен пайда болған деп түсіндіреді. Қыдыр туралы әрбір халықтың ғасырлар бойы ұстанып келе жатқан түсінігі бар.
Қазақ фольклорында Қыдыр баба [Хызыр] – ел аралап жүрген ақ киімді ақсақал кейпіндегі әулие, адамға қамқоршы, бақыт, дәулет беруші, әр түрлі қиындықтардан қорғаушы.
Қырық шілтен – Мифологиялық түсінік бойынша, адамды қолдап жүретін, бірақ көзге көрінбейтін рух, Қыдыр.
Наурызбай батыр – шапырашты руынан шыққан атақты батыр, қазақ әскері қолбасшыларының бірі. Оның ақтабан – шұбырынды оқиғасынан кейінгі кезеңде елді азат ету ісіне айрықша үлес қосқанын осы жинаққа енген «Ер Өтеген» жырымен қатар оның Қаскелен, Шамалған секілді айтулы қалмақ батырларын жекпе-жекте өлтіргендігі жөніндегі ел аңыздары да, Бұқардың әйгілі толғауындағы:
«Қалданмен соғысып,
Жеті күндей сүрісіп,
Сондағы жолдас адамдар», – деген тармақтардан соң есімдері аталатын атақты батырлардың арасында сөз болуы да айғақтайды.
Өтеген батыр, Өтеген Өтеғұлұлы, Мүйізді Өтеген – 1699 жылы Шу өзені бойындағы Изенді өңірінде дүниеге келіп, 1773 жылы Іле өзені бойындағы Шолақтерек, Шеңгелді өңірінде қайтыс болған. Жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен батыр, қолбасшы. Ұлы жүздің Дулат тайпасынан шыққан. Бабасы Сырымбет батыр 1643 жылы қоңтайжының 50. мың әскеріне соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқан. Өтеген 15 жасында-ақ жоңғарға қарсы күрескен аттанған.
Төле би – ХVІІІ ғасырда қазақ халқын билеген әйгілі үш бидің бірі. Тарихшылар Төле, Қаз дауысты Қазыбек және Әйтеке билер Тәуке хан кезінде қабылданған «Жеті жарғы» атты заңдар жинағының авторлары болған деп біледі. Бұл үш бидің ХVІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығы тұсында ұлтты ұйыстырып, ұлт-азаттық күресте жеңіске жетуді қамтамасыз етуге айрықша ықпал еткені даусыз.
Түкеұлы Райымбек (1730.-1814) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен батыр, қолбасшы. Сүйегі албан тайпасының алжан руынан тарайды. Атасы Ханкелді батыр 1733 жылы ұлы жүздің беделді адамдары Төле би, Қодар би, Сатай, Бөлек батырлармен бірге орыс патшасы Анна Иоановнаға елші жіберіп, Ресейдің қоластына алуын өтінген. Райымбек 17 жасында жоңғар шапқыншыларымен болған ұрыстарда ерлік көрсетіп, батыр атанған. Бейбіт кезеңде халық арасында әулие ретінде танылған, оның келешекті болжағаны туралы ел жадында көптеген аңыз, әңгімелер қалған. Райымбектің есімімен аудан, ауыл, көптеген көшелер аталады. Соның бірі – Алматыдағы өзінің зираты жатқан Райымбек даңғылы. Оның ерлігі мен өнегелі өмірі жөнінде көркем, публицистикалық шығармалар жазылған.