МӘТІНДЕРДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТАРИХИ ЕСІМДЕР
Абылай, Әбілмансұр (1711–23.5.1781) – аса көрнекті мемлекет қайраткері, қолбасшы, дипломат, қазақ халқының ханы. Азан шақырып қойған аты – Әбілмансұр. Сабалақ – Төле бидің қойған есімі. Жауға «Абылайлап» шапқандықтан Абылай атанған. Арғы тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы ханнан тарайды. 1771 жылы Түркістан қаласында хан болып сайланады. Ел тұтастығы үшін аянбай күрес жүргізіп, сыртқы басқыншыларға қарсы табанды түрде тойтарыс беріп отырады. Шет елдермен (Ресей, Жоңғария, Қытай) дипломатиялық қарым-қатынас орнатуға тырысады. Өмір жолы ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс жағасында қайтыс болады. Сүйегі Түркістан қаласындағы атақты Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің ішінде Қабырхана мен Ақсарай арасындағы дәлізде жерленген.
Абылай Уәлибақыұлы, қанішер Абылай (т.ж.б. – қ.ж.б.) – ХҮІІ ғасырдың басында Сауран мен Түркістанды билеген қазақ сұлтаны, батыр. Абылай ханның арғы атасы. Ш.Уәлиханов ол туралы: «Батырлығымен, батылдығымен аты шығып, сол үшін де қанішер деген қаһарлы ныспыға ие болған кісі» деп жазады. Атасы Жәңгір, әкесі Уәлибақы сияқты қалмақтармен болған қан майданда қаза тапқан.
Бәйдібек Қарашаұлы (туған-қайтыс болған жылдары белгісіз, шамамен ХІІІ- ХІҮ ғасырларда өмір сүрген) қазақтың елі мен жерінің тұтастығын қалыптастыру жолындағы аты аңызға айналған тұлға. Көне шежірелер бойынша Ұлы жүздің үйсін бірлестігіне кіретін Албан, Суан, Дулат, Сарыүйсін, Шапырашты, Ысты, Ошақты ру-тайпаларының түп атасы. Жетісуды, Арыс өзенінің алабын, Тәшкен мен Қаратау өлкелерін жайлаған елді басқарған.
Домалақ ана, Нұрила (1378 – 28.05.1456) – қазақ халқының әулие аналарының бірі. Ұлы жүздегі көптеген ру-тайпалардың түпкі анасы. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі, әкесінің аты – Әли Сылан, анасының есімі – Нұрбике. Нағаша атасы Уәйіс хан – Моғолстанның ханы болған. Атасы Мақтым Ағзамның қолында тәрбиеленген Нұрила 19 жасында Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Өзінің ақылдылығы мен парасаттылығы арқасында елге сыйлы болған. Түрікпен Қара Хайдар даналығына тәнті болып «Диһнат мама» деп атаған. Парсыша «Әулие ана» деген мағына беретін бұл сөз бертін келе «Домалақ анаға» айналған. Десе де, «Домалақ ана» атының шығуы туралы басқа да аңыз-нұсқалар бар. Балабөген өзенінің жағасында намаз оқып тұрып қайтыс болғандықтан сол жерге жерленеді.
Өтеген батыр – ХҮІІІ ғасырда қазақ жерін сыртқы жаудың шапқыншылығынан қорғаған қазақ батырларының бірі. 1699 жылы Шу өзенінің бойындағы Хантауының онтүстік шығысындағы Ізенді деген жерде дүниеге келген. Шежіресі: Дулат – Жаныс – Жарылғамыс – Бұқар – Сырымбет – Өтеғұл – Өтеген. Өтеген батыр он бес жасынан бастап жоңғар шапқыншыларына қарсы соғысқа араласқан. 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Хангелді батырлармен тізе қоса отырып, жоңғарлармен айқасқан. 1740. жылы Іле бойында қалмаққа қарсы жасақ жинап, Төле бидің ақыл-кеңесімен Жетісу жерін жаудан, елін шапқыншыдан тазартуға кіріседі. Абылай ханмен, Төле бимен, Бөгенбай, Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай батырлармен бірге үлкен жорықтарға қатысады. Абылай сұлтан хан тағына отырғаннан кейін Өтеген батыр оның ордасын қорғайтын арнаулы жасақтарға басшылық етеді. Хан ордасының көптеген істеріне араласады.
1741 жылы Қалдан Серен Абылайды тұтқындағанда онымен бірге Өтеген батыр да қолға түседі. Ел аузындағы аңыз әңгімелерге қарағанда Қалдан Серен Абылайдың қыр соңына түсіп, оны тірідей ұстап, Шарыш үшін кек алмақ болады. Абылай Өтеген бастаған бір бөлім жасақпен аң аулап жүргенде аңдыған жау іздеріне түсіп, шаршап ұықтап жатқан кездерінде тұтқындап, Қалдан Сереннің ордасына апарады. Қалдан хан Абылай мен Өтегенді «мырза қамақ» қып қолында ұстайды. Қазақ басшылары Абылайды шығарып алуға барғанда Қалдан хан Абылайды сұраққа алмақ болып, түрегелтіп қояды. Мұны көрген Өтеген арланып:
– Ханымыз едің, тағың болмаған соң тік тұрсың ғой. Ау, қазақ қашанда тұғырың емес пе? Кел, отыр, менің үстіме! – деп Абылайға жонын төсей қояды. Абылай хан оған іштей елжіреп кетеді. Ақыры келісімге келіп, Қалдан хан екеуін де босатады.
1756 жылы Абылайдың Қытай патшасымен бейбітшілікте болу саясатына қарсы келіп, Жиделібайсын жеріне көшіп кетіп, сонда он жеті жыл болады деген аңыз бар. 1773 жылы Іле өзенінің бойына қайтып келіп, жетпіс төрт жасында көз жұмады. Сүйегі Іледегі теміржол көпірінің шығысындағы Шолақтау, Шеңгелді деген жерге қойылған.
Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте айбынды батыр болғаны жөнінде Сүйінбайдың бабасы Күсен, Сүйінбай, Майкөт, Жамбыл, Кенен ақындар жырлаған.
Төле би, Төле би Әлібекұлы (1663-1756) – қазіргі Жамбыл облысының жерінде, Шу өзенінің бойындағы Жайсаң жайлауы деген жерде дүниеге келген. Ұзақ өмір сүріп 1756 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданына қарасты Ақбұрхан-Орда деген жерде қайтыс болған. Сүйегі Тәшкен қаласындағы Жүніс ханның қабырының қасына жерленген.
Дулат ішіндегі Жаныс. Жаныс – Жайылмас – Қожамберді – Құдайберді – Әлібек. Орта жүздің биі Қазыбек Келдібекұлы мен кіші жүздің аға биі Әйтеке Бәйбекұлы үшеуі Әз-Тәуке ханның басты кеңесшісі болып, қазақ халқының заңы ретінде «Жеті жарғының» дүниеге келуіне ат салысады. Тәукеге Түркістан қаласын орталық етіп, үш жүзді бір жерден басқаруға, сөйтіп бір тұтас қазақ хандығын нығайтуға көмектеседі.