Иә, алдымызда сапар жолы... Алда қаншама ұйқысыз түн мен қиыншылығы мол күндер. Ұзақ жолдар, асқар асулар, ата бабамыз болып көрмеген қаншама елді мекендер күтіп тұрған еді мені.
Бірақ бұл сапар жолы менің КамАЗ-бенен жүрген соңғы сапарым екенін әзірге білген жоқ едім.
...Жамбылдан бір күн бұрын кеткен өзбектер мені келісім бойынша Черняевка елді мекенінде күтіп тұр екен. Сол елді мекенде біраз аялдағаннан кейін Ташкент қаласының оң жағында «Бетонка» деп аталатын айналма автодаңғылымен Қашқадария, Сурхандария облысы арқылы Тәжікстанмен шекаралас Денов (Деноов) қаласына бет түзедік. Ташкент қаласы мен Самарқанд қаласының ортасындағы Жамбай атты елді мекенге тоқтап тамақ ішіп отырғанда қасымыздағы серігім Ердос.
– І-і-іһ... Қызық екен. Көке! Мына Өзбекстанның қақ ортасында біздің руымыздың атын кездестіргеніме таң қалып отырмын! Көке! Сіз көп оқисыз, көп білесіз ғой. Бұл Жамбай деген атау біздің бабамыздың дүниеге келген жері ме, жоқ, әлде, жәй ұқсастық па?-деп сұрады.
– Ой, Ереке, қиын сұрақ қойдың-ғой?! Бірақ шамам келгенше үлкен кісілерден естіп, көңілге түйген, кейінгі кезде басылымдарға шамалы болса да жазылып жүрген мәліметтерге сүйенсек... бабамыз Жамбай негізгі қазіргі Өзбекстан топырағында дүниеге келген. Нақты қай жер екенін айта алмаймын. Өзі жас шағында өжет, еті тірі, есті бала болса керек. Бозбала кезінде-ақ қол жинап, жауға тойтарыс беріп көзге түссе, ер жете келе батыр аталған екен. Кейін еншісін алып, бөлек ел-жұрт болып кетіпті.
Міне, біз екеуміз сол Жамбай бабаның ұрпағымыз. Сен өзің байқап қарасаң Жамбыл облысында Бурыл, Қызылдихан, Тастөбе елді мекенінен басқа жерде Жамбай руын кездестірмейсің. Көбі осы Өзбекстан да, Қазақстанның бұрынғы Шымкент облысында тұрады.
Есіңде ме, осыдан үш-төрт жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы «Жамбай бабаға жаңалап мазар тұрғызамыз» деп туысқандарың Қожамжаров Пернеш, Дәуітов Шолпан, Орынтаев Ескермес, Серкебаев Төлеген және т.б. елді ұйымдастырып жүргенін...
– Ия!.. Ия!.. Ол әңгімені білемін. Тек қана «мазар тұрғызамыз»деп емес, ауыл ақсақалдарын ұйымдастырып, бірнеше рет бабаның басына барып та қайтқан.
– Солай ма, Ердос? Мен ауылда көп болмағандықтан бүкіл жаңалықты біле бермеймін-ғой. Дәуітов, Орынтаев секілді туыстарымның бірге Уалихан туралы... Әкесінің аты Өксікбай емес пе?! Сыртта да жүріп көп естимін...
– Өксікбайдың баласы ауылдың қақ ортасынан өз қаражатына елде жоқ үлкен мешіт соқты.
– Иә, ашылу салтанатына облыс әкімі Амалбек Тшанов, аудан әкімі Досжан Тоқбергенов, әуелі Рәтбек қажының өзі келді деп естіген едім. Осы рас па, Ереке? Сен енді ауылдасың ғой.
– Рас, рас. Рәтбек қажы сол ашылу салтанатында мешітке имам сайлап та кетті. Бұл жағдайдың басы қасында өзім де болғанмын.
– Ереке сол мешітті өткенде ауылға барғанда көріп, «осынша қаражатты қайдан алды екен» деп аң-таң болдым. Тегі, керемет қой, үлкендігінде шек жоқ. Шындығында қаражатты қайдан алды екен?! Білсең – айтшы Ереке.
– Көке менің білетінім олар өздері он ағайынды. Ең үлкені Инаят менімен бірге оқыған. Одан кейін Шәкен, Уалихан, Мадияр, Қанат, Ілияс, Нұрғали, Ерғали, Нұрмахан, Қайрат. Шешелері Шәмқыз Қарашай қызы. Соған қарағанда пысықтықтары нағашы жұртына тартқан-ау!.. Бірақ Өксікбай көкеміз де оңай адам емес қой! Баяғы совхоз кезінің өзінде елден Өксікбайда елу құлынды бие бар деп еститінмін. Ол кісінің қолынан жылқы малы үзілген емес. Оның айғағы облысымыздың қазіргі ат-көкпар командасының сәйгүліктері сол Өксікбай көкеміздің жылқысының тұқымы. Өзі бас көз болып тұқымын асылдандырып күтіп-баптау тәсіліне де ақыл-кеңес беріп отырады. Тағы бір айта кететін нәрсе – Уалиханның ана Қанат деген інісінің өзі алпыс гектар жерге пияз егіп, бүкіл ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл Қанат айналысатын егін шаруашылығының бір ғана түрі. Жүгері, бидай, арпасы тағы бар, жоңышқа басқа да ұсақ-түйек, жеміс-жидек, алма-бағын, көкөніс дақылын өсірумен де айналысады. Әйтеуір, не керек, бүкіл ауыл Қанаттың аузына қарайды.
Ал, Уалихан Инаят, Шәкірбай, Ілиястың, тірлігі өз алдына. Әрқайсысының жеке фирмасы бар. Бір сөзбен айтқанда мешіт салу оларға түк емес еді. Сондай-ақ олардың кемтар-кембағал, жетім-жесірлерге көрсетіп жатқан жәрдемі қаншама! Уалихан туралы сұрасаңыз мен білетін жағдай осы.
– Ой, онда ер екен, әкесіне тартқан екен. Ал Ереке Жамбай бабамыз туралы мен білетін дерек те жоғарыда айтып өткен мәселедей. Негізі бұл жақта Қоңырат, Қыпшақ руы көп кездеседі. Әнекей, анау ала шапан киген өзбектен «Ұлтың кім?» деп сұрашы... Өзбекше сөйлегенмен ұлтымыз «Өзбек» деп айтпайды, «Қыпшақ» немесе «Қоңырат» деп жауап береді. Олардың онысы да рас. Өйткені бұлар көптеген ғасыр бұрынғы аласапыран шапқыншалық заманында қазақтың қоңырат, қыпшақ руынан тараған халық. Осы ағайындардың Кеңес дәуіріндегі төл құжатын талай көргенмін. Онда «Ұлты» деген тұста өзбек емес, қоңырат, қыпшақ деп жазылған еді. Бұл тек қана қазір біз тоқтап тұрған Жамбай елді мекеніндегі ғана жағдай. Осыдан екі облыс өтіп, Сурхандария облысына кіре берістегі Құзар елді мекенінен кейінгі Байсын атты асудан бастап Қоңыраттардың Жиделі-Байсын жері басталады. Бабамыз Өтеген батырдың (Мүйізді Өтеген деп те атайды) болған жері.
– Неге «Мүйізді Өтеген» дейді? Әлде лақап аты ма?
– Жо-о-ға! Екеуі де өз аты. Саған түсінікті болу үшін Өтеген батыр туралы шамалы тоқтала кетейін. Өтеген батырдың руы – Жаныс Бәйдібектен тараған. Біз екеуміз де сол Бәйдібек бабаның ұрпағымыз.
Өтеген батыр сегіз жасында (нағашы жағынан) ағасы Қазыбек бекпен сегіз жыл жиһангерлікте жүреді. Осы біз келе жатқан жолмен Иран, Ирак, Араб елдерін басып өтіп, грек және түрік еліне дейін барады. Жол-жөнекей әр елде тоқтап, білімін жетілдіріп, толықтырумен болады. Түрік елінде де білімін жетілдіруге тоқталады.
Сол Түркияда Қазыбек бек ағасының жанында бірге оқып жүрген бала Өтеген басына жара шығып, қатты ауырады. Жатқан үйінің маңайынан өтіп бара жатқан дәруіш қатты қиналған науқастың барын біліп, үйге енеді. Сөйтіп бала Өтегенді емдеп, аяғынан тік тұрғызады. Сондай-ақ оның болашағын да айтып береді. Айтпақшы, Өтегенге шыққан жараның орнында маңдай тұсына таман қатқан мүйізше қалады. Содан ол Мүйізді Өтеген аталады. Міне, Ереке, бабамыз Өтеген батыр туралы ел аузында осындай әңгіме бар. Ал, Өтеген батырдың ұрпақтары Жамбыл облысының Қордай ауданында тұрады. Алпамыс батырдан соң Жиделі-Байсын жеріне жігіт болған шағында қоныс іздеп екінші рет жиһангершілік сапар жолымен келген тағы да Өтеген батыр.
Ел аузында мынандай сөз бар. Жиһангершілікте он жылдан аса болған Өтеген батыр елге келгенде жер жанатты Жиделі-Байсын туралы ағайын туыстарына «Жердің жанатты екен! Әттең, жылқы малына жері тастақ болған соң қолайсыздау ма, қалай...» деген екен. Сонда елдегі ағайындар «Жылқысыз қандай күнкөріс болмақ» дегенге сайып қоныс аударуға келіспепті. Сонда Өтеген батыр «Қап! Бір рет «Жылқыға да жайлы екен» деп неге айта салмадым!» деп өкінсе керек. Әне, көрдің бе, Ереке, – бабаларымыздың жалған сөзге жоқтығын. Сол кезде Өтеген батыр «Жылқыға да жайлы екен» дегенде бар ғой, төлқұжатымызға «Жаныс» деп жазып, ала шапан киіп, өзбекше сөйлеп жүрер ме еді, қайтер едік! – деп бір күліп алған Сабырға:
– Қоңырат, Қыпшақ бұл жаққа қалай келген?!
– Қалай келгенің не?
– Қайдан білейін қазақтың қоңырат, қыпшақ руы деп отырсыз ғой!
– О-ой, Ердос! Сен «Батырлар жырын» оқымапсың ғой! Алпамыс, Қобыландыны!
– Неге? Оқымасам да, ел аузынан естігенім бар ғой! Байшұбар мен Тайбурыл атты тұлпар мінген Алпамыс пен Қобыландыны білмей не көрініпті, олар қазақтар ғой! Қобыланды батыр Қазан қаласын шабуға бара жатқанда біздің Бесжылдықтағы тау басында жалпақ тас бар емес пе, сонда Тайбурыл тұяғының ізі әлі күнге дейін сақталған. Керек десеңіз, біздің тауды да ел Тайбурыл тауы немесе жай қысқартып айтып Бурыл тауы дейді. Сол «Бурыл» тауының басына бала кезімізде талай рет шыққанбыз да. Таудың орта тұсындағы үлкен жалпақ таста адамның шалқасынан жатқан мүсіні әлі күнге дейін сол қалпында. Ал, әлгі мүсін сақталған тасты Қобыланды батыр жатқан тас дейді.
– Бәсе, бәсе, біледі екенсің ғой!
– О-ой, Көке-ай! Екінің бірі аңыз етіп айтып жүр ғой, бекер болса айта ма?
– Аңыз бекер айтылмайды, қарағым.
Сонда мына ала шапанды ағайындар сол батырдың руынан болды ғой! Аңыз тұрмақ, құжаттарына жазылғанына қарағанда бұл әңгіме құлаққа кіретіндей-ақ екен.
Құнанбай Нұртайұлы ЗИЯШ