Зейнеділ Егембердіұлы 1917 жылы Жамбыл облысы,Қордай ауданындағы қазіргі Өтеген батыр ауылында туған. Әкесі Егемберді 1930 жылдардың басында дәулеті тасыған ауқатты адам ретінде Қиыр Сібірге жер аударылады. Бірақ одан қашып келген соң, он жылға сотталады. Әйелі Дина анамыз төрт баласын (Арзыхан, Зейнеділ, Жаһанша, Аман) жалғыз өсірген. 16 тамыз 1941 жылы Зейнеділ Алматы қаласындағы Фрунзе аудандық әскери коммисариаты арқылы өзі сұранып соғысқа аттанады. Қан майданды Зейнеділ атамыз белгілі ақын Сағынғали Сейітовпен бірге көреді. Жеңістің 25 жылдығын атап өтуге орай (1960 жылы) Қазақстан Жазушылары одағының фойэсіне орнатылған ескерткіш тақтада соғыстан қайтпай қалған ақын-жазушылар қатарында Зейнеділ Егембердиевтің де есімі жазылып тұр.
Зейнеділ таланты жаңа-жаңа бүр жарған өнер иесі еді. Сол кездегі гәзет-жұрнал беттерінде көрініп, танылып қалған ақынның 1938 жылы Қазақ көркем әдебиет баспасы /ҚКӘБ/ шығарған «Шаттық жыры» деген жинақта «Жүрек сыры» атты өлеңі жарияланған.
.
Жазушы Марал Ысқақбай: "Бірде маған Еркеш Мәмиев дейтін тарихшы қария бірнеше ескі қолжазба әкеліп берді. Бәрі де әбден сарғайып кеткен оқушы дәптеріне көк сиямен жазылған өлеңдер екен. Кейбірі араб әрпімен, кейбірі латын әрпімен, кейбірі осы күнгі орыс әрпімен жазылған. /Қысқа мерзімде қазақ әліпбиіне зорлықпен жүргізілген үш реформаның әсері ғой/.Солардың ішінде Зейнеділдің біз ұсынып отырған үш шығармасы да бар екен. «Жүрек сыры» мен «Ауылға хат» қазіргі қазақ әліпбиімен жазылыпты да, «Жоғалған есек, ақылды шал туралы дастаны» латын әрпімен жазылыпты. Әрі дастанға ат қойылмаған, кейбір жолдар өшіріліп, үстіне жазылған, түзетілген. Соған қарағанда, автордың бітіре алмай кеткен туындысы сияқты. Тағы бір өкініштісі – ортасындағы екі бет жоғалған. Дастанның қолдағы бар мазмұнына қарап, атын шартты түрде «Жоғалған есек, ақылды шал туралы дастан» деп атадық.
«Ауылға хат» толғауы Кеңес өкіметі кезіндегі бір шаңырақтың басына үйірілген үлкен трагедияны алдыңа тартады. Бұл – шын мәнінде, мыңдаған отбасына төнген көп нәубеттің бірі ғана еді. Әйтеуір, бір көңіл демейтін жәйт, Е.Мәмиевтің атуынша – кейін, яғни Зейнеділ хат жазатын 1942 жылы Егемберді ауылға аман-есен оралып, отбасын қайтадан құрған көрінеді. Содан кейінгі көрген бала-шағасы қазір де Қордай ауданында тұратын болса керек"-деп жазады өзінің "Асу-асу, бел Қордай" кітабында.
Біз Зейнеділ Егембердіұлының осынау кітапқа енген шығармаларын кейінгі жас ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен жариялауды жөн көрдік.
Жүрек сыры
Тербейін жыр музасын тілмен шырын,
Аралап отанымның ой мен қырын.
Шат жүрек, албырт жүрек сусындасын,
Иіскеп бақ даланың жұпар гүлін.
Сымбатты сұлу орман саясында,
Сайрандап тамашамен қалың нуын.
Күн күліп, жердің жүзі құлпырғанда,
Сайраған бұлбұлдай боп шықсын үнім.
Жібек жел сыбырласа сырын айтып,
Шертеді сергек сезім жүрек қылын.
Шарқ ұрып ойқастаса ой қыраны,
Тасқындап құйылады тәтті жырым.
Жүрегім де, жырым да – ұлы Отаным,
Арқауы өрнегімнің – терең сырым.
Сондықтан шалқып шыққан өлеңменен,
Мәңгілік мәнерлеймін бақыт шыңын.
«Шаттық жыры» жинағы,
ҚКӘБ, Алматы, 1938 ж.
Ауылға хат
Қолыма алдым қаламды,
Хат жазуға ауылға,
Туып өскен жеріме,
Еркін өскен еліме,
Алатаудың бауырында.
Мекен еткен сол тауды
Колхозшы халық – қауымға.
Құрбы-құрдас, замандас,
Аға-жеңге, ата-ана,
Туысқан-туған бауырға.
Халқы менен кең дала,
Қара қазан, сары бала
Қамын ойлап аттанған;
Аттанарда қайрылып:
«Ел шетіне жау келді,
Еліме қауіп орнады,
Фашизм деген жалмауыз
Қара бұлт болып қаусырып,
Батыс жақты торлады.
Ұлы астана Мәскеуден
Ұрандаған үн шықты.
Отыруға енді болмады...
Толықсып өскен егінді,
Төлдеп өскен малыңды,
Қазына, мүлік, кеніңді,
Бала-шаға, жарымды,
Қалдырдым сізге аманат,
Қош болыңдар,жамағат»
Деп аттанған ұлдарың
Атынан мен хат жаздым.
Алыс та болса, жақын деп,
Жылытты жүрек хатың деп,
Сәлемін қабыл алыңдар,
Жүрсіздер ме сәлемет?
Сәлем соңында айтарым,
Жараса егер жораға:
Басшысы деп ауылдың,
Әуелі сөзімді арнадым
Нұрмахамбет ағаға.
Қарауыңда қалың ел
Қарап отыр басшы етіп,
Қалдырма деп табаға.
Халқың бүйтіп бір сенсе,
Үкімет пен партия
Өкіл етіп – ол сенді.
Ерік бер ақыл-санаңа.
Айтарым сол: әділ бол,
Зейіл болма, бейіл бол.
Ауылда қалған ата-ана,
Қарындас, бала-шағаға.
Қылауындай алтынның
Қызыл түлкі сықылды
Қу дүниеге қызығып,
Қулықты өнер санама.
Қулық ойлар қу болса,
Колхозыңның ісіне
Қастандық істер сұм болса,
Бет-жүзіне қарама,
Табанда тарт жазаға.
Қаһарлы күн тұрса да,
Қиындық қандай болса да,
Қара басқа қам жеме.
Қамын ойла халқыңның,
Ер жігіт жарар панаға.
Ұлы Сталин айтқандай,
Колхозыңды бастағын,
Басшылығың бал болып,
Сабырлы бол, саспағын.
Қаталық кейде жіберсең,
Тез жөнде жұртқа сездірмей,
Өзара сыннан қашпағын.
Көпшілікке жақпайтын
Мінезің болса оғаштау,
Бойыңа үйір етпе,аға,
Сезген кезде-ақ тастағын.
Білмейді деп жазғам жоқ,
Айтқандай ақыл балаға.
Кеңес айтып, керегін
Сақтасын дедім санаға.
Достықпен айтқан сөзімді
Тастамас деп далаға.
Сөзімнің болса түйірі,
«Бәрекелді!» айтып бір шығар
Естіген жанның бүйірі.
Болмаса егер еш дәмі,
Не қажет тілдің сүйірі.
Көп созбай, енді айтарлық
Тоқсан сөздің түйіні –
Мынау деп тартам араға.
Ісіңе елің сүйінсін,
Көргеніңді күндей ғып,
Айтқаныңды айдай ғып,
Айналаңа жиылсын.
Арғысын өзің білесің,
Не айтайын енді, жан аға?!
Ендігі сөзді арнаймын
Ата-ана, туған бауырға.
Жақын көрген өзімді
Барлық жанға ауылда.
Сағынғаннан жазамын,
Сары уайым демеңдер.
Сөзінен өзін көреді
Кісі таныр кемеңгер.
Жиырма беске жас келді,
Жауға қарсы шықтым деп,
Сасатұғын шағым ба?!
Жиырмасыншы ғасырдың
Жалынды жүрек жастары
Жасқаншақ, жалтақ жан емес,
Жел айдаған жаңқадай
Кете берер ағынға.
Өйткені біз туғанбыз,
Октябрь атты дауылда.
Сондықтан менің айтарым:
Егесті жау екпіндеп,
Екі талай күн туды,
Қиындыққа берілмей,
Еңселерің өр болсын.
Жылдағыдай жан-жақты
Малың, мүлкің мол болсын.
Ежелгідей өр көңіл,
Етек-жеңдерің кең болсын.
Қан майданда біз жүрсек,
Қажырлы тылда сіздер бар.
Қанды ауыз жауды жоярлық
Қайратпен еңбек етелік,
Төрт мүшеміз тең болсын.
Сондықтан да халқыма,
Ер азамат жалпыға:
«Ауылда тұрған ағаға,
Ақ сүт берген анаға,
Артта сансыз ініге,
Замандастың бәріне,
Ақылы кемел кәріге,
Ақындары хат жазып,
Ғалым болсаң біліммен,
Ақын болсаң жырыңмен,
Шешен болсаң тіліңмен,
Әнші болсаң әніңмен,
Малшы болсаң малыңмен,
Диқан болсаң дәніңмен,
Үдемелі өндіріс
Жаңа табыс табумен,
Еңбек етіп арыңмен,
Бәрің күрес жауыңмен.
Жауға қарсы шығуды,
Байтақ жатқан әлеумет,
Біз сұраймыз бәріңнен»
Демеп пе еді жар салып,
Менің де осы айтарым,
Сыйлар деп сөзім қарсы алып.
Ескертемін тек қана:
Көбіңізге жария
Егемберді дегенді,
Кішкене бала болмаса,
Білесіздер ,замандас,
Үлкен-кіші, қария.
Сол кісінің алысқа
Кеткеніне дәл он жыл.
Келетін болды уағы,
Келе қалса алдыңа
Ағайын деп, ауыл деп,
Оңынан жанып шырағы,
Жылы өңмен қарсы алыңдар,
Қайырлы туған бауырлар...
Ол кеткенде артында
Ошарлы үйір жан бар ед:
Қауырсыны қатпаған
Балапандай балалар,
Жан жолдасы - жар бар ед.
Аналық ұлы мейіріммен
Ақ сүтін беріп өсірген,
«Егенім» деп аймалап,
Еркелік қылса кешірген
Ата-анасы һәм бар ед.
Он жыл өтіп оралып,
Қайырылғанда қарып-ай,
Соларын түгел көрместен,
«Қарт ата-анам, келдім» деп,
Қу тақтай қолын берместен,
Алыстан келгенде арып-ай;
Жаннан артық көруші ед,
Жаһанша атты жұлдызын,
Жайнап өскен құрағын,
Аман атты алпамыс,
Арманда кеткен шырағын.
Мейірі қанып сүйместен,
Бауырына қысып көрместен,
Баса алмас болды-ау зарын-ай.
Күн түбінде қиырлық,
Басынан кешіп қиындық,
Жүрген күнін саралап,
Сағынған жарға жырдай ғып,
Сыр етіп айтып берместен,
Ең болмаса мұндағы
Екеуімізді үйден көрместен,
Қуанып келген қарт жүрек,
Қалатын болды-ау қажып-ай.
Амалым не зарланар!
Алдарыңа ақтарып
Ой, арманын толғанар,
Күйінгеннен күй тартып,
Домбырасын қолға алар...
Өтінем бірақ сіздерден,
Көп түкірсе көл болар,
Көп айтса бірге ем болар,
Ақылмен кеңес беріңдер,
Жүйелі сөзге ой нанар.
Өзі де сабырсыз емес ед,
Өксігін қойып ойланар.
Елінен де ажырап,
Жерінен де алыста,
Күн көріп, буыны қатпаған,
Ғибрат етер, болжанар.
Қожеке, сізге ескертем:
Келе қалса ініңіз,
Үйінің жайын айтуды.
Сөзге кедей емессіз,
Сонда да былай дегейсіз,
Бір сөз тұр дайын айтулы:
«Аман-есен келдің бе,
Алысқа кеткен, бауырым?
Ұзақ жол жүріп тынымсыз,
Тұрмыстың көрдің ауырын.
Енді болмас бір күндей,
Қарсы алып жүр қасыңда
Колхозшы туған ауылың.
Бәрі де сау-саламат,
Ағайын, туған қауымың.
Тек қана ерте аттанды
Қарт атаң, анаң мойындап,
Кәріліктің жазуын.
Баяндайын тағы да,
Аузы құрғыр бата алмай,
Күрмеліп тұрмын, жарығым:
Айтсам, мазаң кетеді,
Айтпасам, қайғың өтеді.
Бірақ та пайым етерсің,
Өлім мен тірлік парығын.
Құйрықты жұлдыз тәрізді
Жалт беріп кетті көрінбей,
Жаһанша, Аман жарығың.
Қос қайғыға қабат кеп,
Қолтығыңның жарасы,
Артынан кетті анасы –
Ақ ниетті жолдасың.
ЖАЛҒАСЫ БАР...