Өтеген атқан таңдай күннен туған! (Әлмейін ақын)

21-01-2019, 10:36

Әлмейін Молдажанұлы 1860 жылы қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасу ауылынды туған. Ұлы жүздің Жалайыр руынан шыққан танымал айтыскер ақын. Әлмейін бір термесінде: 
“Ақындығым өзімше, 
Сарыбастан ілгері, 
Сүйімбайдан сәл кейін”, - деп жарлайды.
Әлмейін Молдажанұлының “Менің атым Әлмейін”, “Ноғайбайға”, “Өтеген атқан таңдай күннен туған” тағы басқа өлеңдері оның ақындық қуатын айқын көрсетеді.
Әлмейіннің кіндігінен тараған Байтай, Беке, Жұмабек, Үрпек есімді балаларының ұрпақтары қазір де Қордай ауданында тұрады.
Әлмейін Молдажанұлы 1934 жылы қайтыс болған. Зираты Қарасу ауылының жоғарғы жағындағы Ағалатас қырында.
Әлмейін ақын туралы көптеген жазушы, ғалымдар ғылыми деректі материал жариялаған. Олардың қатарында М.Жолдасбеков,Н.Төреқұлов, Р.Бердібаев, С.Садырбаев, М.Ысқақбай, М.Үмбетаев және т.б. бар.
Назарларыңызға Әлмейін Молдажанұлының "Өтеген батыр" дастанын ұсынамыз.
Өтеген батыр
Дүние ойлағанға бір кең сарай,
Өтіпті дүниеден ерлер талай.
Халайық, құлақ қойып тыңдасаңыз,
Бұқардан мен сөйлейін бері қарай.
Бұқарда болған екен жалғыз қатын,
Тыңдаңыз құлақ салып сөздің артын.
Әйелі бала таппай кешіккен соң,
Екінші тағы лыпты тоқал қатын.
Түс көреді сол тоқал бір күн жатып,
Бұқар оны мал беріп алған сатып.
Төрт ұлды тоқал түсте туады екен,
Аттарын айтып берген баян етіп.
Түсінде ұлдарының атын қойды,
Бала көрсе Бұқар да істер тойды.
Үлкеніне ат қойып Тілеуімбет деп,
Екінші ұлы – Құлболды, терең ойлы.
Құлболды екінші ұлдың аты болды,
Білімді адам байқайды оң мен солды.
Үшінші ұлға ат қойды Сырымбет деп,
Баба деп төртінші ұлдың атын қойды.
Ат қойған төрт ұлына түсте жатып,
Шешеміз көп қызыққа қалған батып.
Баба, Сырымбет тілеуін түгел тілеп,
Құлболдыға барғанда кетті оятып.
Оятқан анамызды Бұқар еді,
Кең өріс жалпақ дала жүрген жері.
Құлболдының тілеуі шала болып,
Тілеуімбеттің тілеуі тіленбеді.
Анамыз кейіс тартып, еріне айтқан:
«Бекер-ақ ояттыңыз, - деп бір сөз қатқан.- 
Бірі жарым, біреуі тіленбеді,
Екі ұлым нашар болды туашақтан».
Кешікпей екі әйелі жүкті болған,
Оны көріп Бұқардың көңілі толған.
Уақыты жетіп екі әйел екі ұл тауып,
Бұқар бай он төртінші айдай толған.
Баласы бәйбішенің Жауғаш атты,
Бұқар бай екі ұл бірдей көріп қапты.
Тілеуімбет деп ат қойды екінші ұлға,
Сұрасаңыз ол ұлды тоқал тапты.
Екі бала бір жасқа толды келіп,
Бұқар оны қуанар күнде көріп.
Екі әйелі тағы да жүкті болып,
Үш айдан соң олардан шықты жерік.
Уақыты жетіп екі ұлды туды жәнә,
Емізеді ұлдарын қамқор ана.
Бәйбішенің баласы – аты Қиян,
Екінші ұлды Құлболды дейді ғана.
Құлболдыны тағы да тоқал туған,
Бұқар үйі балаға болды думан.
Мезгілімен екі әйел жүкті болып,
Біреуі ұл, біреуі бір қыз туған.
Ұлды туған баяғы кіші әйелі,
Көтерілді Бұқардың енді белі.
Жамағат, зейін қойып тыңдасаңыз,
Баяғы көрген түстің келді жөні.
Сырымбет деп ат қойды ұл балаға,
Көрген түсі кеткен жоқ құр далаға.
Бәйбіше тоқтап, тоқалы жерік бопты,
Артынан іле-шаала бір балаға.
Бәйбіше төртіншіде тумай тұрды,
Жоқ қылуға тоқалды мойын бұрды.
Шертиіп ай-күніне жеткенінде,
Ішіне кеп әйелдің пышақ ұрды.
Пышықтан әйел сонда қалды шошып,
Қан да кетті ішінен судай жосып.
Егіз екен баласы ішіндегі,
Серік қызы кешікпей қалды түсіп.
Түскен қызы кешікпей қалды өліп,
Ана сорлы қайғырған оны көріп.
Артынан серік ұлы аман туды,
Мен жаздым осыларды қоймай теріп.
Баба деп кенже ұлының атын қойды,
Бәйбіше сұм ойлаған арам ойды.
Қасындағы ұл бала аман қалып,
Құрбандық қып ақыры қызды сойды.
Төрт баланың анасы Ақыл екен,
Жасына-ақ мінезі мақұл екен.
Кешікпей-ақ зорлықтан құтылады,
Рақатта адамзатқа жақын екен.
Зерек болған жасынан Ақыл ана,
Балалары нашарға болған пана.
Ата жөнін аз-аздап дастан еттім,
Баласының өскенін жаздым жәнә.
Баба, Сырымбет үй болған жеті мыңдай,
Қатарында өскен жоқ ешкім мұндай.
Жауғаш, Қиян тұқымы бес-ақ жүз үй,
Зорлықшылдық тұқымы, міне, осындай.
Құлболды, Тіілеуімбет мың үй болды,
Тұқымы Ақыл ана жерге толды.
Көбейіп сегіз мыңға жеткеннен соң,
Күңгей мен теріскейге барып қонды.
Өтеғұл, Өтеп туды Сырымбеттен,
Біздерден қанша адамдар бұрын өткен.
Киімді бір баласы Жылқайдар ер,
Одағы жүрген жерін дүрілдеткен.
Панасыз Жылқайдарды алған бағып,
Жылқайдар да кетіпті оған жағып.
Ақыл, көркі, мінезі келіскен соң,
Ажырасын Сырымбет одан нағып.
Сонымен Сырымбетте үш ұл болған,
Үшеуі үш ауыл боп бөлек қонған.
Соларды да жалмады қу қара жер,
Кімге опа етеді мына жалған.
Өтепте үш әйел бар сұрасаңыз,
Дүние шіркін молаяр құрасаңыз.
Үшеуінен туыпты жеті бала,
Баян етіп беремін шыдасаңыз.
Үлкенінен Тауасар, Құдайберген,
Өтеп те тірлігінде қызық көрген.
Құттықадам туады бір әйелден,
Лашыннан төрт ұлы соңына ерген.
Өтептің кіші әйелі Лашын атты,
Бұл әйел кезегімен төрт ұл тапты:
Қожан, Боқай, Дәулен, Жантоқ балалары – 
Қоныс ап Ырғайтыдан бұлар жатты.
Өтепті осыменен доғарайын,
Өтеғұлын айналып қайта орайын.
Өтеғұлдың тұқымы кімдер екен,
Білгенімше азырақ сөз құрайын.
Әйелі Өтеғұлдың біреу екен,
Бір де болса, өзіне тіреу екен.
Бір әйелден он екі ұл туады,
Қамсыз боп малмен бастан жүреді екен.
Ер жетіп он екі ұлы жігіт болды,
Өтеғұл мал мен басқа көңілі толды.
Обадан он екі ұлы қаза тауып,
Өтеғұл бәйшешектей енді солды.
Он екі ұл бір обадан бәрі де өлді,
Өлгенін он екі ұлдың көзі көрді.
Айырылып он екі ұлдан қалғаннан соң,
Бастады кемпір мен шал қайғы-шерді.
Бір жұртта он екі ұлы өлді тегіс,
Ес қалды кемпір-шалда еміс-еміс.
Қайғырмасқа ылаж жоқ кемпір-шалда,
Уақыт жетпей түсті ғой өңкей жеміс.
Кемпір-шал күндіз-түні айтады зар,
Аяйтын екеуінде енді не бар:
«Екеумізді алмадың шұнақ Құдай,
Он екі ұлды ап кеттің іске жарар».
Осылай бірнеше жыл жүрді жылап,
Бір мезгіл тоқталады түбін сұрап.
Жер ортасы болғанда айтылды ғой,
Мал емес қой жиятын қайта құрап.
Елу төртке Өтеғұл келді жасы,
Бала десе өтпейді ішкен асы.
Дәулеті мол, өздері кемпір мен шал,
Күннен-күнге көбейді оның қасы.
Бір күні түс көреді Өтеғұл бай,
Түс көрген соң болады көңілі жай.
«Қайтадан он екіңді берейін бе,
Болмаса екеу берем соныңа сай?
Он екіңе татырлық берем екі ұл,
Өтеғұл бұған сен де, шүкірлік қыл.
Екеуінің өмірі ұзақ болып,
Өмір сүріп жүреді бірнеше жыл».
«Назымды көрінген соң айттым саған,
Боп жүрмесін екі ұлың тіпті жаман.
Көп пен аздың өлімі бірдей екен,
Жарайды, екі ұлыңды берші маған».
«Ендеше, екі ұл бердім, қолыңды жай – 
«Әумин» деп, қолын жайды Өтеғұл бай – 
Халық қамын ойлайтын бір ұл бердім,
Жәнә өзі ер болады дәулетке сай».
Жүкті болды кемпірі елу жаста,
Өтеғұлда әйел жоқ одан басқа.
Елу бірде әйелі босанады,
Өлгендерін еске алып жоқтамасқа.
Ат қойды Өтеген деп баласына,
Көзінің ағы менен қарасына.
«Өмір бер» деп Өтеғұл сиынады,
Бұрынғы өтіп кеткен бабасына.
Қуанды бала көріп кемпір мен шал,
Халайық, айтқан сөзге құлағың сал.
Баланың түр-тұрпаты өзгеше екен.,
Баста мүйіз болғанда, желкеде жал.
Артық мүше болады мүйіз бен жал,
Өтеғұлда көп екен дүние, мал.
Өтеғұл бай жалынар түстегіге,
«Қарағыма әрқашан көз қырың сал».
Өтеген жеті жасқа толды келіп,
Кемпір тағы боп қалды өле жерік.
Елу жеті жасында байғұс кемпір,
Қуанады Өтеғұл оны көріп.
Босанады балаға ай-күн жетіп,
Шал-кемпірден барады заман өтіп.
Табылды деп баланың атын қойды,
Той қылып, ат шаптырып, мәлімдетіп.
Өтеғұл алпыс екі жасқа келген, 
Ұлдарын ұмытады бұрын өлген.
Өтеғұл жүрді ішінен көп қуанып,
Айнымай келгеннен соң түсі көрген.
Өтеген деп ат қойған үлкен ұлға,
Бір жасырын сыр бар ғой, жұртым, мұнда.
Өлгенімді өтеді деп қойғаны,
Байқап қара, көпшілік, мұным шын ба?
Өлгенім табылды деп тағы қойды,
Кемпір, шал қайғысының бәрін жойды.
Ер жетіп, ер Өтееген атқа мініп,
Халықтың қамын көздеп, ойлады ойды.
Өтеген халық қамын көп ойлаған,
Сондықтан қыдырмаған жер қоймаған.
Құлақ сап, қалың жұртым, тыңдасаңыз,
Ерлігін Өтегеннің айтам тәмәм.
Өтеген уағында болды батыр,
Әр сөзі мың ділдәлық балдай татыр.
Күн шығысқа барады ел қамы үшін,
Одан да қоныс таппай қайтады ақыр.
Солтүстікке барады іздеп қоныс,
Ол уақытта жоқ екен би мен болыс.
Сол жүрісте байқапты солтүстіктен,
Николай тәрізденген зәлім орыс.
Орыстың бәрі зәлім емес екен,
Кісі ақысын жақсы орыс жемес екен.
Романов сұрағын естіген соң,
Айтыпты: «Біздің жаққа келмес пе екен?»
Келерін ойлап-ойлап тапты жәнә,
Ол сұраса жылайды қатын-бала.
«Сол жауыздан құтқарам елді қайтіп?» - 
Деп ойласа ішіне толды сана.
Сонымен қоныс іздеп батыс барды,
Кешу ғып өтіп жүрді қиын жарды.
Одан да қоныс таппай, қайта оралып,
Түстікке барамын деп ойына алды.
Барған соң түстікті де аралады,
Шөбі жоқ шөл болған соң, жарамады.
Қайта оралып келеді өз еліне,
Теңіз өтіп басқа жаққа бара алмады.
Жүріпті он жеті жыл жерді кезіп,
Халқы үшін қатын-бала, үйден безіп.
Саяхатын осымен тоқтатайын,
Дәмі жоқ құры сөзді кетпей езіп.
Нашарларға Өтеген көп қараған,
Өтегеннен бір қатар ел тараған.
Жетім-жесір, нашарға болысқанын,
Халайық, құлақ салсаң, айтам тәмәм.
Жетім-жесір, нашарды сүйеді көп,
Өмірінде көрген жоқ арамды жеп.
Жетім-жесір, нашарға болысқаннан,
Сіздерге сөйлеп берем аз ғана кеп.
Бір жазда ауа райы жайсыз болған,
Өтегеннің кезі екен әбден толған.
Малын айдап тамызда елден шығып,
Бір елге жолда отырған келіп қонған.
Өтегеннен сұрады ақсақалдар:
«Малыңды айдап жүруде қандай мән бар?
Еліңнің малын айдап сапар қыпсың,
Шыныңды айт», - деп қинады қариялар.
«Айтыңыз» - деп сұрады ауыл-аймақ,
Ер Өтеген отырды гүл-гүл жайнап.
Түп-түгел аймақтағы ел жиылған соң,
Сөйледі ер Өтеген сөзді жайлап.
«Бұл жақта жұт болады, жұртым, биыл,
Естір болсаң сөзімді, тегіс жиыл.
Қар қалың боп малыңнан түк қалмайды,
Аты шулы кеп қалды жыл да сиыр.
Маған ер, тіл алсаңдар, малыңды айдап,
Бүгін түннен жүремін атты байлап.
Тіл алмасаң, өздерің білесіңдер,
Бірақ, жұртым, қаларсың сорың қайнап».
Сырын білген адамдар «дұрыс» деді,
«Бұл Өтеген халыққа ырыс» деді.
Сыр білмеген адамдар бұл кеңеске,
Басынан-ақ бой салып кіріспеді.
«Жұт қайда, жер де қара, күн де жылы,
Істемейміз өзіміз тіпті мұны.
Бара бер өзің көшіп, малыңды айдап,
Ілеспейміз біз саған, сөздің шыны».
«Ілеспесең мал айдап, зорламаймын,
Алдырам деп тілімді торламаймын.
Ақсүйек боп жұтарсың осы қыстан,
Өздеріңе тиеді өз обалың...»
Сол уақытта үш әйел келді жылап,
Ағызып көздің жасын етіп бұлақ.
«Не себепті жылайсың, келіндер?» деп, 
Сөз сөйледі Өтеген жөнін сұрап.
«Жесір ек, еріміз жоқ, баламыз жас,
Жұт болса, ата, көбейер бізге де қас.
Азын-аулақ малы бар жетімдердің,
Оны қайтіп сақтаймыз, алдияр бас?»
«Тіл алсаңдар, малдарың маған қосқын,
Осы арадан жазында бір-ақ тосқын.
Мен өлмесем, бір лағың шығын болмас,
Наашар, жетім адамдар менің достым.
Малыңды аман айдап келем жазға,
Малыңды ойлап, келіндер, жүдеп, азба».
Малдарын жесірлер де қоспақ болды,
Өтеген бюатыр туған ер сабазға.
Мал қосып, малын айдап, тағы көшті,
Еркектерден боды ғой әйел есті.
Малын қосып әйелдер қала берді,
Жұрт енді әйелдерге күңкілдесті:
«Өлсе етін жеп отырмай, қолда бағып,
Түлен түртті сендерді мұнша нағып.
Айдатып жолаушыға барлық малды,
Бақайшағыңды кетті ғой сенің шағып».
Қарсыласа әйелдер сөз сөйлейді,
Әрқайсысы ашумен тез сөйлейді:
«Біз айрылдық, айырылсақ барлық малдан,
Малың аман сендердің», - деп сөйлейді.
Сонымен қыс өткен соң жаз да шықты,
Тіл алмаған мырзалар көрді жұтты.
Ақсүйек боп жатады қайран шаруа,
Бір малы да қалмады қолда тіпті.
Өтеген бір мал бермей, аман болды,
Жұтаған шаруаға жаман болды.
Жесірлердің малдарын табыстауға,
Қайта айналып үстіне келіп қонды.
Малыңды ал деп шақырды әйелдерді,
Қолдарына малдарын түгел берді.
Ермей қалған мырзалар көп өкінді:
«Қалғанымыз тіл алмай бекер» - деді.
Жесірлердің малдарын берді бөліп,
Қуанады жесірлер малын көріп.
Ермей қалған мырзалар Өтегеннен:
«Сауға бер» деп сұрады бәрі келіп.
«Сауға» деген халыққа берді малдан,
Алып жатыр малдарын көңіліне алған.
Баз біреулер ат сұрап алып жатыр,
Баз біреулер сауынға қой сұраған.
Сауынға баз біреулер қой алады,
Мал алғанның үй іші қуанады.
«Сүт» деп жылап отырған бала-шаға,
Қой сүтін ішкеннен соң жұбанады.
Осылай нашарларға жәрдәм берді,
Жәрдәмін қанша халық көзбен көрді.
Бұл өлеңді осымен қысқартайын,
Шамам келсе сөйлейін басқаны енді.
Арыстанбек қазақта мықты болған,
Ажал шіркін қоймастан оны да алған.
Жыл он екі ай болғанда ас беруге,
Баласыына үш жүздің хабар салған.
Өтеген де сол асқа бармақ болды,
Жүру керек ол үшін талай жолды.
Суыт жүріп келеді асты көздеп,
Алыстығы сонша екен - он бес қонды.
Жетіпті он бес күнде асқа келіп,
Жиылған көп халықты жүрді көріп.
Сездірместен аралап жүре берген,
Ас берген адамына хабар беріп.
Абылайды тауыпты аралап кеп,
Отыр екен Абылай тамағын жеп.
«Сөйлес» деп айқай салды ер Өтеген,
Абылайдың үйінің сыртына кеп.
«Сөйлей тұр» деп ақырды үйден біреу,
Хан қасында отырған ол бір тіреу.
Бұл дауысты есітіп, Абылайдың
бола түсті шаттанған көңілі жүдеу.
«Сөйлесем, тоқсан тоғыз өгізім жоқ,
Өгізім жоқ та болса, көңілім тоқ.
Бұл сөзімнің мәнісін түсінбейді,
Хан қасында отырған өң есерсоқ».
Есікшіні жұмсады хан Абылай,
Есікшіге айтқаны жәнә былай:
«Сөйлеушіні түсір де, үйге кіргіз, 
Танысамыз мән-жайын сұрай-сұрай.
Билерім, сөз сөйлейін енді саған,
Құлақ сап тыңдап отыр бәрің тәмәм.
Ұлы жүзде бар еді ер Өтеген,
Даусынан мен танысам – дәл сол адам.
Ишаратпен, билерім, болдың өгіз,
Бұл Өтеген – ақылы ұшан-теңіз».
Абылайдан билері сұрап жатыр:
«Өтегенге жақпады біздің неміз?»
«Дұрыс боп шешілген жоқ көрген түсім,
Менің де қайнап отыр соған ішім.
Көрген түсті дұрыстап шешпеген соң,
«Өгіз» деді сіздерді соның үшін».
«Абылай бас иетін төреміз ғой,
Соңынан Абылайдың ереміз ғой.
Үш жүздің саңлақбиі шеше алмаса,
Шешкенін Өтегеннің көреміз ғой».
Шақырған соң Өтеген кііреді үйге,
Амандасып отырды хан мен биге.
Өтеген хан қасынан орын алды,
Жуан қарын, боржиған өңшең шүйде.
Бәйге аты шапқанында сабылады,
Қу билер өз өзінен қағынады.
Келмей жатып «өгіз» деп кекеткенге,
Көп билер Өтегенге жабылады.
Билерге ер Өтеген жауап берген,
Билер қарсы шапты ғой келген жерден.
«Дұрыстап жорымадың босқа шулап,
Ханыңның ұйықтап жатып түсін көрген.
Ханың көрген ұйықтап бүгін түсті,
Көріп келген түсінде талай істі.
Кезеңнен қарсақ,түлкі, аю асты,
Арыстан тағы асыпты ұзын тісті.
Аю асса – қазақтың өз заманы,
Аюдай аңқау болған барша жаны.
Акртынан ұзын тісті арыстан асса,
Қасыңда мына отырған Абылай ханы.
Халыққа арыстандай ақырады,
Көмекке сен билерді шақырады.
Бай мен биді көргенде жымың қағып,
Нашар көрсе, жегендей лап ұрады.
Нашарды аямайды ханың мынау,
Көрген күні нашардың күнде жылау.
Жетім-жесір, нашарға қарамайды,
Әділдікпен жоқ болды мұнда сұрау.
Түлкі асса, түлкі заман болады екен,
Халықты залым патша сорады екен.
Айырылып қазақ халқы қонысынан,
Қайран ел тау мен тасқа қонады екен.
Түлкідей бір қу патша елді сұрар,
Нашар сорлы бұдан да қатты жылар.
Оның-дағы қасында бай мен би боп,
Жылатуға кедейді болар құмар.
Қазақтан ерік сонда кетеді екен,
Түлкі патша түбіне жетеді екен.
Бай мен биді әлпештеп, қасына ертіп,
Нашарлар жылауменен өтеді екен.
Түлкі патша көп жерді алады екен,
Көңіліне жаққан жерге барады екен.
Баста билік, малында ерік болмай,
Қаңғырып қазақ елі қалады екен.
Төртіншіде кезеңнен қарсақ асқан,
Жори алмай, билерді қара басқан.
Қарсақ – аңның жуасы, жанға тимес,
Халықты сұрайды екен бір данышпан.
Тиылар сонда жұрттың көзден жасы,
Бойларына тарайды ішкен асы.
Сондай әділ сұрауды көргеннен соң,
Халықтың алғыс айтар кәрі-жасы.
Нашарлар теңеледі би мен байға,
Бай мен би билік айтпай, жүрер жайға.
Көрмей өліп кетеміз арманда боп,
Дәриға, дәл осындай заман қайда!?
Тозған халық сол кезде жиылады,
Сұраған бастығына сиынады.
Мал мен басқа ие боп қалың қазақ,
Өзіне өз тапқаны бұйырады.
Сонда халық болады теп-тегіс тоқ,
Түс жорымай отырған өң есерсоқ.
Әттең, дүние, көрмеймін сол заманды,
Бірақ жұртым көреді, арманым жоқ...
Бөлісу:
up