"Ана тілі" республикалық басылымында (30 қараша 2017 жыл) жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының Ұлы жүз, Шапырашты руынан шыққан батыр Кәшке туралы мақаласын оқи отырып, мына үзіндіні назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Жоңғарқа қарсы соғыс аяқталып үш жүздің игі жақсылары бас қосқан ұлан-асыр тойға батыр бабамыз Өтеген Өтеғұлұлы да қатысқан, есімі құрметпен айтылған.
Атажұртына қайта қоныстанып, ата жауларын жеңгендерінің құрметіне алты Алашқа сауын айтып дүбірлеткен той өткізілді.
Жазық далаға ұшы-қиыры жоқ киіз үйлер тігілді, жан-жақтан келіп жатқан қонақтарда шек жоқ. Күтіп алушылар қонақтарды дереу іліп алып, ауыл-ауыл болған үйлерге орналастырып жүр. Елдер бір-бірімен сағына жылап көрісіп жатыр. Қуанып мәре-сәре болып, алтыбақан теуіп, арқан тартып, түрлі ойын-сауық құрып жүргендерде есеп жоқ.
Жан-жақтан өзендей ағылған жұрт жиналып, бітті-ау деген күні той мәжілісі басталды.
Алдымен шейіт болғандарға арналып құран оқылды. Биік тақ үстіндегі Әбілқайыр хан тік түрегеп сөз бастады:
Уа, халайық! Айналайын асыл жұртым! Еңбектеген баладан еңкейген қартымызға дейін ақжарылқап күн туды. Жан-жаққа жөңкіп, ауып кеткен, тентіреп кеткен ел-жұртым ата-баба жеріне қайта оралды. Біздің қасиетті жерімізді тартып алып, халқымызды ашаршылық пен күйзеліске ұшыратқан «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» деген қасіретті кер заман кері кетті. Жоңғарларды жер жастандырып, қайта тұрмастай етіп, тас-талқанын шығарып қуып шықтық. Осынау жылдары бір жарым миллион қаһарман елімнің адамдары опат болды. Еліміз үшін, жеріміз үшін асыл ерлер жан қиды. Жат жерде қаншама жұртым қынадай қырылып кетті. Аруақтардың жатқан жерлері жарық болсын! Біз сіздердің кектеріңізді алдық, құрбан болған ағайындарым! Басымызды иеміз! – деп хан басындағы алтын зерленген мұрағын шешіп, басын иіп еді, бүкіл ел бір тізерлеп жапырлай отырған қалпы бас киімдерін алып, үн-түнсіз қалды. Тек даланың сары желі ғана ертерек ағарып, бозарып кеткен жауынгерлердің бастарын сипай сылайды.
Бұл ауыр кезеңде бүкіл қазақтың үштен бірі опат болды, қайғы жамылмаған шаңырақ жоқ. Бүгілген жұрт ұзақ тұрып қалды.
– Уа, асыл текті жұртым! Шейіт болған бауырларымның иманы о дүниеде алдарынан жарылқасын! Енді Алла тек бейбіт заман берсін! Бүгін – жеңіс тойы! Енді осы ұлы шайқаста көзсіз ерлік көрсеткен қолбасыларымыз мен батырларымызға құрмет көрсетеміз.
– Сұлтан Әбілмансұр! – дегенде бүкіл дала:
– Абылай! Абылай! Абылай!.. – десіп жаңғырып кетті.
– Аңырақай шайқасында «Абылайлап», Абылай хан атасының атын ұран ғып шапқан әйгілі сұлтан ғой!
– Төле би атамыз тәрбиелеп, бағыпты ғой.
– Атадан ұл туса осындай болсын! – десіп бүкіл ел жапа-тармағай ортаға шыққан жас Абылай сұлтанды көруге ынтығып, дәріптей бастады.
Әбілқайыр хан Абылайға сабы алтын алмас қылыш сыйлап, оң жақ тізесінен орын ұсынды.
Кәшке даңқын сыртынан сан мәрте естіген қазақ елінің марқасқа, біртуар перзенттеріне деген хан сыйлығы, халық қошеметін көріп таңдай қақты.
– Ақылдасқан азбайды, келіскен кем болмайды. Қиын-қыстау кезеңде дұрыс жол таңдауда өлшеусіз үлес қосқан қазақтың дана үш биі: Әз Үйсін Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Алшын Әйтеке билерді жаныма шақырамын, – деп хан әрқайсысына алтынмен зерленген жібек шапан жауып, сол жағынан орын ұсынды.
– Жеңіс туын желбіреткен қаһарман қолбасшылар баһадүр батырлар жасасын! Ортаға түменбасылар Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай батырларды шақырамын, – дегенде сарбаздар ұран шақырып, даланы жаңғырықтырды.
Оларды алтын ер-тұрманды мойындары қаздай иілген арғымақтарға мінгізіп, бүкіл жиналғандар алдында марапаттап, салтанатпен жүргізді.
Ерекше көзге түскен батырларды жеке-жеке шақырып, сый-сияпат тапсыра бастады.
Жолбарыс Қайдарұлы, Қарақұл Тағаұлы, Қонақай Жанкісіұлы, Шөрекұлы Көкжал Барақ, Өтеген Өтеғұлұлы, Саңырақ Тоқтыбайұлы, Сәмен Дәненұлы, Хангелді Сырымбетұлы, Қойгелді Сартұлы және басқа да батырлар, Аңырақай шайқасында жеке-дара ерлік көрсеткен билер, сұлтандарға да айрықша ілтипат білдіріп жатты. Үш жүздің ардақтылары мен салмақтыларына жанынан рет-ретімен орын ұсынды.
Жылқыдан асқан текті жануар жоқ.Жылқыны алғаш ауыздықтап, жуасытқан елміз. Біз атқа мінбейік, қарымызға қылыш ілмейік, ешкімге босқа тимейік деп жүрдік, тып-тыныш боп көп жүрдік. Жоңғар деген оған болмады, жерімізге сұғын қадап оңбады. Іргемізден жау шықты. Қазақ біткен атқа қонды, қолына бес қаруын алды, – деп термелеп кетті Төле би. Әз Төле би сөзінің соңында елді жеңісімен құттықтап, әрдайым бірлікте, ынтымақта болуға шақырды. Соңында ғибрат айтып, бата берді:
Көсіле шабар жерің бар,
Қол боларлық елің бар.
Қол бастайтын ерің бар,
Атадан қалған жолың бар.
Жай отырып құл болсақ,
Атадан ұл боп туды деп,
Кейінгіден кім айтар?
Бір үйдің баласы болма,
Көп үйдің санасы бол.
Бір елдің атасы болма,
Бір елдің данасы бол.
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол.
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала.
Адамның басшысы – ақыл,
Шолушысы – ой.
Жетекшісі – талап,
Қорғаушысы – сабыр.
Сынаушысы – халық,
Таусылмайтыны – арман,
Ардақтысы – өмір,
Ең тәттісі – сыйластық.
Берекені көктен тілеме,
Бірлігі мол көптен тіле!
Қазақтың дана үш биі сөйлегенде аспандағы ұшқан құс та қыбырламай тыңдап тұрды-ау.
Той жұмадан жұмаға созылды. Көптен көрмеген, қиын-қыстау күндері ажырап қалған ағайындар бірін-бірі іздеп, табысып, мәре-сәре болып жатты.
Бұқар жырау, Үмбетей, Қожаберген жыраулар бастаған ақын-жыршылар ұлы жеңіске жеткізгендерге өлең-жырларын арнады.
Түменбасылар – мыңбасы, жүзбасыларға жаудан түскен мал-жаннан бөліс беріп қайтарды. Бойдақ жігіттер мен батырларға жоңғардың әдемі қыздарын берді...
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
жазушы