Бұл естеліктің тасқа басылғанына біршама уақыт өтсе де Өтеген балаларының санасынан өшпек емес. Себебі олар- даңқты Өтеген Өтеғұлұлы бабаларының елге, жерге жасаған еңбегін қадір тұтып, асыл сүйегі жатқан жерді киелі санайды. Шындығын айту керек, қай заманда болсын батыр баба моласына тәу ету дәстүрінің алтын арқау жібі үзілмеген, жолын шөп баспаған.
Осынау есте қалар есті сөзді бізге жеткізген Сайын Асқаровтың қазір жасы 77-де.
Алғадайдың кіндігінен тараған бір баласы Уәли 1881-1963 жылдар аралығында өмір сүрген. Халық ақыны Кенен Әзірбаевтың замандасы, сыйлас досы болған.
Уәли Алғадайұлы бұрынғы Кеңес ауылында болыс болып, ел басқарған. Сол заманда болыстыққа сайлау өтіп, аудандық уәкілдер үміткерлердің үйлерін аралайды. Уәли Алғадайұлының сөйлеген сөзі мен ішкі болмысының қабысуына, елдің ортасындағы беделінің жоғарылығына тәнті болған арнайы комиссия оны бірауыздан болыстыққа тағайындайды.
Кеңес билігі орнап қазақтың дәстүрлі жергілікті басқару жүйесі күн тәртібінен түскенде Уәли болыс ауылда почта-байланыс бөлімінде жауапты қызмет істеген.
-Әлі есімде, бұл 1951 жылы еді, жасым оннан енді асқан кез. Уәли атам Қалғұты өзенінің бойында Алға ауылындағы досы -Қашқын молдамен келісіп, Кенен атамызға кісі жіберді. Мақсаты- үшеуі бірігіп Іледегі Өтеген бабамыздың зиратына барып, Құран бағыштап қайту. Жолдаған кісілері Кенен атамыздың атының аяғы ақсап қалыпты деп келді,-дейді Уәлидің немересі Сайын Асқаров.
Содан Уәли ақсақал Сайын немересін атына мінгестіріп, Қашқын молдамен Кенен ақсақалдың ауылына барады.
Ол кезеңде Кенен Әзірбаев қазіргі Қордай ауданы, Алға ауылының оңтүстік-шығысында орналасқан «Гүлдер» кафесінің карама-қарсысында, өзеннің арғы бетінде жер тамда тұрса керек. Айтқандай, Кененнің аты алыс жолға жарамай қалыпты, Сайын аға қос атты жетектеп Алғаға кері қайтады.
-Кенен, Уәли, Қашқын молда үшеуі Алматыға бағыт алған жүк көліктеріне алма- кезек мініп, Іле өзеніне жетеді. Іле жұрты «Қордайдан туысқандарымыз келді», деп үлкендерге құрмет көрсетіп, ілтипат білдірген.
Сайын ағамыз: «Олар Іледе екі-үш күн аялдап ауылға оралған кезде барлығымызға сәлем-сауқат таратып, Өтеген бабамыздың моласына барғандағы әңгімелерін айтып берді»,-дейді.
-Кенен атамыздың бойы сұңғақ, сопақ жүзді, ат жақты кісі еді. Ал Қашқын молда орта бойлы, сақал-мұртты, сонымен бірге бір көзінде ағы бар-тын. Дауыстап Құран Аяттарын оқитын. Ол кісі де Уәли атам сияқты пошта тартқан. Қашқын молданың Бейсехан деген баласы сыныптасым болатын. Уәли атам да орта бойлы, жинақы денелі еді, жарықтық. Солақайлығымен қоса тілінің аз-кем сақаулығы бар еді,-деп еске алады Сайын аға.
Уәли Алғадайұлы сол кезде кіші ұлы Әлханның қолында Алға ауылында тұрған. Әлхан аға Алғадағы бастауыш мектепте ұстаздық қызмет атқарған. Сайын ағамызды еншілесі танып, білім нәрімен сусындатып, қамқорлығын аямаған.
Фотода: Оңнан солға қарай Уәли Алғадайұлы. Қасында отырған Кенже апамыз, жары. 9 жасар Әлхан аға. Бұрымы бар -Мағрипа апа, қолындағы баласы Рабадан Асқаров, 1 жаста. Шеттегі ақ жаулықта Шәуен апа- Сейіт Баеков атамыздың анасы.
Ақ көйлектегi қыз Рабадан ағаның әпкесі Бүбіхан, 1936 жылы туған, Асқар атаның бұл қызы 18 жасында 1952 жылы бой жетіп тұрған кезінде қайтыс болыпты.
Шәуен мен Мағрипа апалардың ортасында Нұрғиса әпкеміз. Ол ұстаз Абай Тойғұлов ағайдың жары болған. Нұрғазы ағаның анасы.
Фото 1940 жылы түсірілген.