1993 жылы Алматы халықаралық журналистика институтында оқып жүргенімде Алматы облыстық ветеринария басқармасының бастығы Рабадан Асқаров ағамен кездесіп, Өтеген батырдың Іле бойындағы зираты, оны Қордайға әкеліп қайта жерлеу туралы əңгімелесіп едік.
Амандасып, өзімді таныстырған соң (ол кісі де мен де бір-бірімізді бірінші рет көруіміз) Рабадан аға сөзін бастады: - Иə, балам, əкең екеуміз мектепте бірге оқыдық. Мектепті бітірген соң Жамбыл қаласындағы малдəрігерлік оқуды да қатар оқыдық. Ал сенің Əбу атаң - жақсы кісі еді...
Өтеген бабамыздың сүйегін елге алып келген соң шырақшысы болды, көп жылдар...
- Аға, бабамыздың сүйегін елге алып келуге не себеп болды?
- Мен қызмет бабымен Алматы облысының колхоз-совхоздарына іссапармен барып, алыс-жақын өңірлерді түгелдей араладым. Кенеттен Қапшағай су қоймасының құрылысы басталып, дамба салынып, Іле өзенінің суы көтеріледі деп біраз елді мекендер көшірілді... Бабамыздың бейіті биік жотаның басында болатын. Гидроқұрылысшылардан сұрастырып едім, олар: «Бұл төбенің басына су жетпейді, биік төбе судың ортасында үлкен арал болып қалады»,- деп жауап берді.
Құрылыс бітіп, су көтерілген кезде ол жер шынымен де шағын арал болып қалды. Су тағы 1-2 метр көтерілсе, бабамыздың бейіті суға кетері сөзсіз.
- Бабамыздың бейітін көшіру туралы сол кезде ойландыңыз ба?
- Иə, бұрын аралап жүрген қойлы ауылдың орнын су басып, ауыл-аймақтың бəрін көшіргенде неге бабамыздың мүрдесін көшірмеске, деген ой күні-түні мазалады.
Сол сұрақпен Мәдениет министрлігіне барып, бабамыздың сүйегін көшіруге арнайы рұқсат қағазын алып, ауылға хабар бердім.
Ауылдан сол заманда партия қызметкерлері, республикалық дәрежедегі дербес пенсионерлер, атақтары дүрілдеп тұрған үш ақсақал Əбу Ыбырайымұлы, Сұлтанбай Сауранбаев, Өмірқұл Құлшықов пен Кеңесші Құсайынов төртеуі келіп, қолда бар құжаттардың негізінде қазып алып, ауыл болып арулап Шу бойындағы қырдың үстіне қайта жерледік.
Сұхбаттасқан: Қайрат ӨТЕГЕН
Біздің анықтама:
Қайрат Алмасбеков (ӨТЕГЕН) 1971 жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Өтеген батыр ауылында дүниеге келген.
1993 жылы Алматы халықаралық журналистика институтын «халықаралық журналистика» мамандығы бойынша оқыған.
Журналистік еңбек жолын 1994-1996 жылдары халықаралық «Түркістан» газетінде тілші болып бастаған. 1996-2000 жылдары республикалық «Заң газетінде» жауапты хатшының орынбасары, 2001-2003 жылдары облыстық студенттік «Тараз газетінің» Бас редакторы, 2004 жылы «Қордай шамшырағы» газетінде тілші қызметін атқарған. 2005 жылдан қазіргі күнге дейін Қарасу ауылындағы орта мектепте мұғалім.