Өтеген батырдың алып бәйтерегі

30-08-2019, 21:56

Мүйізді Өтеген батырдың әулие бағының мекені – Алматы облысы, Талғар ауданы Жаңашар ауылының төменгі тұсында Талғар суының жағасында, Комсомол деген жерде. Ол жерде көл бар. Көлдің маңы бұрын бақ болған екен. Оны әулие бақ деп айтады. Одан төменірек Әулие қайнары болыпты. Шипалы арасын суына ауырған адамдар келіп, емделіп айығып қайтатын. Оның үстіне денеге түскен түрлі жарақаттарды жазып шығатын емдік қасиеті бар. Бұлақ басына түйме, тиын тастап, ағашқа шүберек байлаған екен кезінде. Молдалар барып құран оқып тұрған. Совет үкіметі орнаған соң мұнда НКВД-ға қарасты совхоз орнапты. Содан бұл бақ та, қайнар да НКВД-ның қарамағына көшкен, яғни «жабық аймақ» саналған. Өйткені құдайға сыйынасыңдар, үкіметке қарсы үгіт-насихат ұйымдастырыңдар деп, ол маңға бөгде адамды жолатпаған. Содан ел қорқып, бақ пен қайнар ұмытылған.
Бірақ сол кездің өзінде-ақ қайнар суының шипалылығы анықталып, НКВД-ның және басқа да Алматының курорт-санаторийлеріне суын арбамен тасыған екен.
Міне, батырдың бағына барудың тағы бір сәті 1997 жылдың сәуір айында түсті. Өтеген батырдың ұрпағы, «Өнер» баспасының бас директоры, жазушы, журналист Әшірбек Көпішев, жүргізушісі Геннадий Шеляг болып үшеуміз құрбан айт күні жолға шықтық.
Бәйтерек шын мәнінде алып ағаш. 1995 жылы барғанымда ішіндегі шіріп тұрған өзегі өртенген екен. Әлгі өртенген қуысына бір төсек емін-еркін сиятындай. Ұзындығы үш метрдей, ені екі метр ойықтың биіктігі үш жарым метрдей, ал қабығының қалыңдығы жетпіс-сексен сантиметрдей. Құдды ағаштан ойып жасалған үңгір тәрізді. Дәл бір күлше пісіретін тандырдай күйген жерлері күнге шағылысса, қалған отқа шалынбаған бөлігі өркен жайып өсіп тұр. Үшеуміздің құшағымыз жартысына әрең жетті.
Кезінде бұл ағашқа біреулер қызығып, суретке түсіріп алып, жолдастарына көрсетсе керек. Көргендердің біреуі, елудің ортасына келген орыс жігіт: «Мен бұл ағашты көргенмін. Комсомол көлі жағасындағы Космос деп аталатын жерде. Ол жерде екі бәйтерек бар еді. Соның біреуінің ағашын 1942 жылы біреулер отындыққа кесіп алады, сонда ортасынан қан шығады. Алып бара жатқан орыстардың бірі арба астына түсіп өледі. Ал әлгі ағашты жарып, отына жылынған адамдарға ыс тиіп, бәрі қырылған», - дейді.
Бақ маңында 1995 жылдан бері тұратын Крестьян Владимирович атты жігітпен мынандай бір қызық әңгіме естідім.
- Алып ағаштың керемет қасиеті бар, - деді ол. – Маңына еккен егіннен әр жылы мол өнім алынады. Ұмытпасам, 1947-1948 жылдары осы төңірекке қызылша ектік. Шынын айтсам, үлкендігі ат басындай болып шықты. Ал себілген бидай гектарына 29-30 центнерден өнім береді.
Өтеген батырдың бәйтерегі, оның қасиеті туралы әңгіме жетерлік. Қалай болған да алып бәйтерекке бір құдіреттің бар екендігі ақиқат.
Жалпы Өтеген батыр туралы аңыз-әңгіме көп-ақ. Соның бірін әпкем Орал үнемі айтып отырушы еді.
Бұл оқиға отызыншы жылдары болған екен. Әйгілі Турксиб теміржолы салынып жатқан кез. Әпкем комсомол мүшесі болғандықтан теміржол салуға қатысыпты. Қосқұдық маңында тартылған теміржол тура Өтеген батыр бейітіне тұспа-тұс келіпті. Онда атақты батырдың, әулие адамның сүйегі жатқанын кім білген. Оның үстіне дінді қудалап, молдаларды жазалап, түрмеге қамап, атып жатқан уақыт.
Сонымен не керек, Іле көпіріне таяу тұста Өтеген батыр бейітіне тақаған жерде адам сенбес керемет бір оқиға болыпты. Салынып біткен рельстер шпалымен түннің ішінде екі жүз-үш жүз метр аулаққа лақтырылып тасталынады. Ертеңінде теміржол қайта қалпына келтіріледі. Ал түнде әлгі оқиға тағы қайталанады. Бұны бандалар қолының ісі деп шешкен инженерлер жоғары жаққа шағымданады. Олар арнайы әскер бөліп, күзет қояды. Бірақ әскер күзетіп тұрса да, рельстер мен шпалдар алынып, аулаққа тасталына береді. Мұны ешбір банда емес, білгісіз бір құдіретті күштің жасап отырғанына көздері анық жеткен басшылар енді дінге қарсы шығып уақыт болса да көнекөз ауыл ақсақалдарынан бұл істің мәнісін сұрайды. Ақсақалдар ол жерде үлкен әруақтың жатқанын, теміржолды айналдырып салмаса болмайтынын айтады.
Ақыры бұған амалсыздан құлақ асқан басшылар теміржолды Қосқұдық маңынан айналдырып өткен екен.
Ахмади СӘРСЕНБАЕВ
("Мүйізді Өтеген" кітабынан алынды)

Бөлісу:
up