АБЗАЛ АЗАМАТ ЕДІ

8-06-2020, 03:22

Өткен күзде Өтеген Өтеғұлұлының 320 жылдығы аталып өтіп,  батыр бабамыздың ерлік жолына, өміріне қатысты оқиғалар еске түсірілді. Осыған орай, мына бір жайды айтуды парыз санап отырмын.
Ол --- өткен ғасырдың 1973 жылы Өтеген батырдың сүйегін Іле бойынан әкеліп Қордайға қайта жерлеу шараларына белсене қатысқан кейбір адамдардың тасада қалып, есімдері аталмай келуі. Әрине, кеңес үкіметі кезінде қолында партбилеті бар, жауапты қызметте жүрген азаматтар құран оқылып, құдайы тамақ берілген жерлерге ашық бара алмайтын еді. Сондықтан, әртүрлі жоғары қызметтер атқаратын ұрпақтары батырдың сүйегін көшіру шарасына іштей тілеулес болып, қаражат жағынан қолдау көрсеткенімен, топ ортасында көріне бермей, аты-жөндерін жарияламауды құп көретін. Солардың бірі --- Уәлихан Бекбатыров ағамыз еді.
Өтеген батыр Уәлихан Бекбатырұлының жетінші атасы. Ол батырдың ұлы Тарпаңнан – Бимәмбет-Ережеп-Толымбек-Бекбатыр-Уәлихан болып тарайды. Өтеген батырдың Абылай ханнан алған әйгілі Шұбар тегенесі осы кісінің қолында болып келіп, қазір балаларында сақтаулы. Уәлихан ағамыз атақты бабасының сүйегі Қапшағай су қоймасының астында қалатын қауіп туғанда оны Қордайға көшіру ісіне бастамашы болып қана қоймай, құзыры жеткенше барлық шараларды ұйымдастырып, қолдау көрсеткен болатын. Оған дейін Чапаев атындағы колхозда оншақты жыл басқарма төрағасы болған, 1970 жылдан аудандық ауылшаруашылығы өнімдерін дайындау кеңсесінің бас мемлекеттік инспекторы қызметінде жүрген кезі. Жасы елуге де толмаған білімді, жігерлі, жан-жақпен байланыстары көп іскер басшы еді.
Өтеген батырдың мүрдесін су астында қалдырмай, батырдың алты баласынан тарайтын ұрпақтары мекендейтін ауылдың қасына (ол кезде Кеңес аталатын) әкеліп жерлеу туралы алғашқы кеңесу Бекбатыровтың үйінде өтеді. Оған Асқар Шыңғысов, Сейіт Баеков, Әлхан Уәлиев, Сұлтанбек Сауранбаев, Болат Әбіқаев, Әрін Нұрабаев, Керімқұл Момаханов сынды аузы дуалы ақсақалдар қатысады. Бұдан кейін де бірнеше мәрте бас қосқан ақылдасулар өтеді. Өйткені, бұл ауылішілік жай шаруа емес, алдымен батырдың бейітін қазып алуға жоғарыдан рұқсат алынуы керек болатын. Қариялар бұл істі Уәлиханның өзіне тапсырады. Өйткені Уәлиханның Алматыда жоғары қызметте істейтін достары көп. У. Бекбатыров телефон арқылы бұрыннан жақсы білетін досы Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың қабылдауына жазылып, белгіленген күні Алматыға барып оған жолығып мәселенің мән-жайымен таныстырады. Асқаров республика басшылығын құлақтандырып, мәдениет министрлігінің рұқсатын әперетін болып келіседі. Асқаровтың айтуымен бұл іске зейнет жасындағы қарияларды қатыстыру керек болады. Алматыдан келісімен Бекбатыров ауыл ақсақалдарын Болат Әбіқаевтың үйіне қайтадан жинап, қой сойып құдайы тамақ бергізеді. Асқаровпен болған әңгімені айтып, сүйекті әкелуге баратын адамдар белгіленеді. Оған зейнет жасындағы Әбу Ыбырайымұлы, Сұлтанбай Сауранбайұлы, Өмірқұл Құлшықов және Кеңесше Құсайынов төртеуін сайлайды. Алдымен екі ақсақал Сұлтанбай Сауранбаев пен Өмірқұл Құлшықов Алматыға мәдениет министрлігіне барып батырдың сүйегін қазып алуға рұқсат алуға арыз жазады. Бірнеше күннен кейін анықтама дайын болып, оны Бекбатыров Уәлихан өзі барып журналға қол қойып екі данасын алып қайтады. Бір данасын өзі алып, екінші данасын Өмірқұл Құлшықовқа береді. Бұл анықтаманың бірі бүгінде Уәлиханның кенже ұлы Беріктің үйінде сақтаулы. Енді сүйекті қазып әкелуге баратын адамдардың мінуіне Уәкең өзінің «Волга» көлігін (жүргізуші Бақыт Есжанов), қажет құрал-саймандарын, жол азығын, қаражатына дейін қамдап беріп сәт сапар тілеп жолға салады. Бұл шараларға Алматыда үлкен қызметте жүрген Рабадан Асқаров та лауазымды қызметтес достары арқылы атсалысады.
Батыр бабаның сүйегі Іле бойындағы Шеңгелді деген жерден 1973 жылдың 16 – 18 маусым аралығында қазылып алынады. Бұл кезде су деңгейі көтеріліп, бейітке 60-70 метрдей ғана қалған екен. Қордайлықтарға суйекті қазып алуға шеңгелділік молда Кенжебай Ошақбаев және Қаңтарбаев Нүсіп, Жұматай Жұманбаев, Қалмұханбет Ошақбаев, Тілепалды Адасбеков, Қаматай Бестереков деген азаматтар көмектеседі. Мақтамен қымталып, ақ матамен оралып, екі қара сандықшаға салынған сүйек, ауылға жеткізіліп, сол күні Асқар Шыңғысовтың, келесі күні Өмірқұл Құлшықовтың үйінде түнетіп, 20 маусым күні Қарасу бойындағы зираттың ең биігіне арулап қайта жерленеді. Көптің күшімен батырдың аруағына құран бағышталған ас беріледі. Бейітінің басына қойылған алғашқы гранит ескерткішін, темір қоршауды Уәлихан Бекбатыров өз қаражатына жасатқанын айту парыз. Ескерткішті жасатуда аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатының директоры, Уәкеңнің досы Шәріп Усмановтың көмегі көп тиген.
Осылай батыр бабаның сүйегін қазып әкелуге кезінде үлкен септігі болған Уәлихан Бекбатыровтың өз өмірінің өнегесі де аз емес. Жеті жасында ата-анасынан жетім қалып, Қарақоңыз балалар үйінде тәрбиеленеді. 1943 жылы он сегіз жасында әскерге шақырылады. Қиыр Шығыста кіші офицерлер дайындайтын курстан өтіп, бөлімше командирі кіші лейтенант болып майданға жөнелтіледі. Екінші Украин майданында қолбасшы маршал Коневтің әскері құрамында соғысады. Киев, Варшава қалаларын және Украина, Польша, Германияны фашистерден тазартуға қатысады. Взвод командирі, лейтенант У. Бекбатыров жеңіс күніне небәрі қырықшақты күн қалғанда Берлин түбінде аяғынан ауыр жараланып, екінші топтағы соғыс мүгедегі атанып елге қайтарылады.
Соғыстан кейін 1946-54 жылдары Меркі ауданының «Большевик», «Победа» колхоздарында бухгалтер, бас бухгалтер болып істеді. 1954-59 жылдары Қырғыз Ауылшаруашылық институтында оқып агроном мамандығын алып шығады. Одан кейін Красногор ауданының Калинин атындағы колхозында агроном, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаровтың қолдауымен Қордай ауданының Чапаев атындағы колхозына басқарма төрағасы болып тағайындалады. Бұл қызметті 1960-70 жылдары он жыл атқарады. Осы кезеңде Қаракемерде екі қабатты мектеп, мәдениет үйін, колхоз кеңсесін, наубайхана, балалар бақшасын, МТМ, автогараж, қырман, ауыл көшелеріне су құбырын, Масаншы ауылымен аралықтағы Қарақоңыз өзеніне көпір, тұрғын үйлер және басқа да құрылыстар салғызады. 1970- 78 жылдары аудандық дайындау кеңсесінің бас инспекторы, одан кейін «Талапты» совхозының директоры болып 1985 жылы республикалық деңгейдегі дербес зейнетке шықты. Адал да жемісті еңбегі үшін Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Ұлы Отан соғысының бірінші дәрежелі ордендерімен, оншақты медальмен марапатталған. Бірнеше мәрте еңбекшілер депутаттары аудандық кеңесіне депутат болып сайланады.
У. Бекбатыров зейнетке шыққан соң көп ұзамай, 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы орын алады. Көтерілісті ұйымдастырды деген жаламен Асқаровтың тұтқындалып Мәскеу түрмесінде жиырма жеті ай жатқаны Уәкеңе ауыр тиеді. Кезінде Өтеген батырдың сүйегін қазып әкелуге септескенін қалай ұмытсын. Кейін Асқаровтың Фрунзеде жиырма айға созылған соты барысында қалдырмай барып қолдау білдіріп тұрды. Түрме басшыларымен келісіп керек-жарақтарын апарып, өзімен кездесіп сөйлесіп тұрады. Сот аяқталған соң барлық іс құжаттары Қырғызстан Президенті Асқар Ақаевтың қарауына беріледі. Сол күндері бұрын облыстық деңгейде ірі қызметтер атқарған Жылқыбай Аралбаев, Сыздықбаев және У. Бекбатыров үшеуі Асқар Ақаевтың қабылдауында болып Асанбай Асқаровтың нақақтан сотталып отырғанын, оның халық алдында ерен еңбегі барын айтып, мүмкіндігінше жаладан арашалап босатуын сұрайды. Ақаев азаматтық танытып, Мәскеудің жымысқы саясатымен шығарылған Қырғызстан Жоғарғы сотының үкімін әділетсіз шешім ретінде күшін жояды. Асқаров толық ақталып, босанып шығады.
Кейін тоқсаныншы жылдардың ортасында Асқаров үлкен той жасап Қордайдан аудан әкімі Б. Әденов пен У. Бекбатыровты арнайы шақырады. Бұл тойға Уәкең ұлы Талғатты ертіп барады. Уәлиханды көрген бойда Асанбай құшағына алып, қысталаң кезде қолдау білдіргендері үшін рахмет айтып, «бала-шағаңның қызығын көр» деп батасын беріп бетінен сүйеді.
«Жақсының жақсылығын айт» демекші, Уәлихан Бекбатыровтың балалары әкесінің осындай елдік істерге білек сыбана қатысқан еңбегін орынды мақтан етеді. Әсіресе, жүргізуші қызметін атқарып әкесінің қасында үнемі бірге жүрген тұңғыш ұлы Талғат Бекбатыров көптеген мәліметтерді беріп осы мақаланың дайындалуына септігін тигізді. Басшылық қызметтер атқара жүріп Уәкең көптеген жас мамандардың отбасын құрып аяқтануына, қызмет сатыларымен өсуіне де жағдай жасап отырғаны өз алдына бөлек әңгіме. Ағамыз 1998 жылы 73 жасында өмірден өтті. Сүйегі өзінің аманатымен тіршілігінде аузынан тастамай қадірлеп өткен Өтеген батыр бабамыздың қасына қойылды.

Тұрсын Қалығұлов,

Қордай ауданының Құрметті азаматы.

Бөлісу:
up