САРҚЫТ

23-06-2020, 23:04


...Сол күні кешке Ұзынағашқа бардық. Жамбылдың үйіне кіріп, бір бөлмесінде жантайып жатқан жұдырықтай ақсақалға сәлем бердік.



- Тәте, баяғы Ғазіреті Ғали сияқты, майданда жауды жайпап жүрген Бауыржан деген батыр балаңыз осы, - деді Сәбит Жамбылдың құлағына дауыстап. -Талай немісті қырып салған нағыз ердің ері. Соғыстан келіп еді, енді соғысына қайта кеткелі жатыр. Сізге сәлем беріп, батаңызды алып кетемін деп келді.
 Жамбыл менің бетіме сығырая қарады. Оның сынап отырғанын
 байқап, мен де қабағымды түйіп, оған ежірейе қалдым. Содан соң Жамбыл Сәбитке қарай мойнын бұрды да:
- Мына қызынды... түсі тым суық екен, батыр болса болар! - деді.
Сәбит оған қарық болып күліп жатыр. Менде үн жоқ. Жамбыл күлместен маған қайта қарады.
- Батыр болсаң сен Өтеген мен Сұраншыдан күштімісің, соны айтшы,-деді.
Мен ойланбастан жауап бердім.
 - Өтеген қаптап келе жаткан өрт сияқты да, Сұраншы сарқырап аққан су сияқты батыр болатын. Дүниеде от пен судан күшті жоқ. Мен ол екеуінің ешқайсысына да пар келе алмаймын. Мен - оттың ұшқыны, судың тамшысы ғанамын, Жәке, - дедім.

Жәкеңнің өлеңінде өзі айтатын «борға малған» сақалы шошаң-шошаң етіп қалды. Ол атамыздың күлгені екен. Енді көзі шырадай жайнап, жылы ұшқын шашып, тағы
да Сәбитке қарады.
- Әй, Балуан, мынауыңның түрінде ғана емес, тілінде де бірдеңе бар екен, қоныңдар, - деді. Жәкең Сәбитті мол денесіне байланысты ылғи осылай, Балуан
Шолақ деп атайды екен. Жамбыл «Балуан Шолақ!» десе, Сәбит: «Ау, тәте»деп жауап береді.
Біз жайғаса бастадық. Сырт киімдерімізді шешініп жатқанымызда шалдың сақалы, су бетіне секірген ақ қайрандай болып, бір жарқ ете қалған еді. Енді жайланып отыра бергенімізде ай мүйізді ақ қошқардың үстіне салт мінген біреу, шабуылға шығатын
кавалеристей екпіндетіп келіп, табалдырық алдына тоқтай қалды да:
- Әумин, - деп алақанын жайды.
Малдас құрып отырған Жөкең мойнын бұрды да:
- Әй, Балуан Шолақ, өзің жасаушы ма едің, әлде батырың беруші ме еді батаны? - деді.
- Ойбай, тәте, өзіңіз жасаңыз, - деді Сәбит. Жамбыл алақанын жайды да:
Батырдың жолы болсын!
Самсаған қолы болсын!
Түсі де суық екен,
Ісі де долы болсын, аллаәкпар! - деп бетін сипады.
Ақ қошқар ауыз үйде сойылып жатты. Бір кезде ішек-қарын аршыған әйелдердің де дыбысы естіле бастады. Олардың үстіне сырт жақтан мұрнынан міңгірлей
сөйлеп тағы біреу келді.
- Екінтіде елге сүйкімді қонақ келеді деуші еді. Бір қадірлі қонақ келген-ау тегі... Ойбай-ай, шарбысын-ай ақтарылып жатқан. Тура бір тегене май түсіпті ғой... Өй,
мыналарың Жәкемнің ең сыйлы қонаққа соямын деп жүрген ай мүйізді аққошқары ғой,қарақтарым-ау. Кім келгенін айтсаңдаршы өздерің!..
Осылай деп есіктен төртбақ денелі жалпақ бет біреу кіріп келді.
Келді де:
- Ой, айналайын, жүрген жері құт Сәбитімнің өзі екен ғой. Әйтпесе Жәкем ай мүйізді ақ қошкарды кімге союшы еді? Өзім де біліп едім-ау! - деп қос қолдап келіп
Сәбиттің алақанын алды. Содан соң бұрылып маған қарады да:
- Мына литенант жігіт кім? - деді Сәбитке. «Лейтенанттың» да бір әрпін қымқырып жіберді деп ойладым ішімнен.
- Ой, Ғали, қара бассын сені, - деді Сәбит. - Лейтенант емес, полковник Бауыржан Момышұлы ғой.
- Ойбай, калқам, атыңа қанықпын. Тек мынау жұлдызға ғана шорқақпын.
Келші бері бетіңнен сүйейін, - деп бетімнен сүйді.
Сөйтсем ол Жамбылдың сол кездегі әдеби хатшысы атақты ақын Ғали Орманов екен.
Ауыл адамдары жиналып, солармен әңгімелесіп, Жәкеңнің соғыс, майдан жайындағы әр түрлі сұрақтарына жауап беріп, ұзақ отырдық. Түннің бір кезінде алдымызға ет келді.
- Ал, балуан, ал,батыр, сыбағаларыңа қол созындар, - деді Жамбыл табақты нұсқап.
Сәбит пен Ғали етті шеңгелдеп асай бастады. Мен табаққа қол созбай отырып қалдым.
- Делбе болған жылқыдай, мына қызталағың неғып отыр ет жемей, -деді Жамбыл Сәбитке, сақалын шошаң еткізе, мені иегімен нұсқап.
- Әй, Бауыржан, неге жемейсің, бөгіп қалғанбысың! - деп Сәбит табаққа қайтадан қол соза бастады.
- Жемеймін! - дедім мен қатаң үнмен.
Сәбит табақтан қолын тартып алып, менің бетіме қарады.
- Әй, Бауыржан, саған не болды? - деді ол үні одан сайын қарлыға шығып.
- Мен мұнда сыбаға жеу үшін келгенім жоқ, - дедім Сәбитке даусымды қаттырақ шығарып. - Сыбағаны немістерді жеңгеннен кейін жеймін. Ал мұнда ұлы
Жамбылдың, соғыстағы бар солдаттың ұлы әкесінің сарқытын ішуге келдім. Ол үшін Жәкең анау тұздыққа сақалын батырып ұрттасын да, қалғанын табақтың үстіне құйсын...
Мен етті сонда ғана жеймін. Және барлық солдаттарға Жәкеңнің сарқытын ішкенімді айтып барамын!
- Әй, мынауың дұрыс екен! - деп Сәбит қарқылдап кеп күлді.
Содан кейін Жамбылдың құлағына еңкейіп, менің сөздерімнің бірін қалдырмай айтып берді.
- Бұл қызталақтың мұнысы да жөн екен, - деп Жамбыл басын изеп, анадай тұрған тұздыққа қарай қолын созды. - Бірақ сақалымды батыратын мен суға еңкейген теке емеспін, мұртымды тигізейін. Мына батырыңа түсіндіріп айт.
Жәкең осылай деп Сәбитке қарап, қутыңдап иек қақты. Қарт ақынның бұл тапқырлығына біз қыран күлкіге баттық.
 Сөйтіп Жәкеңнің жүзін көріп, қолынан дәм татып, төрінде жатып, қонақ болып аттандым. Ертеңінде поезға мініп, майданға қарай бет түзедім.

Бауыржан МОМЫШҰЛЫ (Ә.Нұршайықовтың "Ақиқат пен аңыз" кітабынан)

Фото: https://massaget.kz/layfstayl/debiet/bauyirjan_momyishulyi/42452/ 

Бөлісу:
up