ЖАМБЫЛ ЖАБАЕВ ТУРАЛЫ (Соңы)

23-06-2020, 23:06

1936 жылдың көктемінде Москвада қазақ көркемөнерінің онкүндігі болды. Осы онкүндікке бірге барған Жәкең Лениннің мавзолейін үкімет басшыларын кергенде, соларға арнап бірнеше жырлар шығарды. 91 жасқа шыққан қарт ақынның бұл сияқты қарқындай шабуын қарсы алған Одақтық өкімет Жәкеңе Еңбек Қызыл Ту орденін сыйлады. Сол сыйлықты Кремльде Жәкеңнің кеудесіне қадап тұрып, СССР Орталық Атқару Комитетінің председателі Михаил Иванович Калинин былай деді:

«Көркемөнердің ең жоғарғы, ең талантты, ең данышпан түрі — халық көркемөнері; басқаша айтқанда, халықтың көңілінде қалған, халық сақтап келген халықтың әлденеше ғасырлардан бергі бірден-бірге қалдырып келген көркемөнері, бұл күмәнсіз. Өздеріңізге мәлім, құны жоқ көркемөнер халықта сақталмайды. Халық та — бір, алтын іздеуші де — бір. Ол ен, бағалы, ең данышпан нәрсені ғана іріктеп алып, өңдеп, әлденеше ондаған жылдар ұстайды... Сөз жоқ, халық та нағыз артықша көркем және дапышпан шығармалар туғызып, бұрынғыдан да әрі жемісті етіп өңдейді».

1936 жылдан бастап, Жәкеңнің жырын өркендетуге ерекше жағдай жасалғаннан кейін Жәкең социалистік құрылыстың жетістіктеріне, күнделік болып жатқан саяси, шаруашылық, мәдени науқандарға даусын мынадай жағдайда қосты:

1. Жәкең радио тыңдағыш еді. Көңілін қозғайтын бір хабарды Жәкең естісе, хатшыларынан немесе маңайына көп үйірілетін мектеп оқушыларынан сол естігенін толығырақ баяндауын өтінетін. Содан кейін, естіген жаңалығы көңіліне әбден қонған соң, жырлауға кірісетін.

2. Жәкең газет оқытуды ұнататын еді және нендей қызық жаңалығы бар?—деп сұрар еді. Хатшыларының бірі мектеп оқушылары, я сауатты колхозшылар оқып бер¬ген газеттен өзінің көңілін қозғаған жаңалықты жырға айналдырар еді.

3. Жәкең 97 жасына дейін атқа салт мініп жүрді. 1942 жылға дейін салт атпен Алатаудың биігіндегі Құлан саз деген жайлауға да шықты.

— Машинаға мініп жүрміз ғой,—деді Жәкең 1936 жылдың жазында, үйіне сәлем бере барып отырған өкімет адамдарына,— бірақ, оның тас жолға, құрғақ жолға, жазық жолға жүйрік екен. Мен өзім таудың биігін жайлап ескен кісімін. Оған шықпай көңілім көншімейді. Машина бергендеріңе тәңір жарылқасын, енді маған бір жақсы ат тауып беріңдер — өзі жорға, өзі жуан, өзі жуас ат болсын.

Жәкеңе ондай ат табылды. 1936 жылдың жазында өкімет сатып әперген күрең жорғаны Жәкең тауға 1941 жыл¬дың күзіне дейін мінді, ауыл арасына 1944 жылға дейін мініп жүрді.

Бұл атты еске алып отырған себебіміз, Жәкеңе салт жүріп табиғаттың көрінісі мен құбылысын, колхоздың даласында жайылған малдарды, егінмен байланысты еңбектерді көруге құмар еді де, сезімін қозғаған көрініс пен істі жырға айналдырар еді.

Жәкең қасына ергендер мұндай тақырыпта оның ауызынан талай тамаша жырлар естіді, бірақ, өкініш — олардың көбі жазылып алынбады, ат үстінде жазып алуға мүмкін де болмады.

1937 жылдың декабрінде грузин халқының атақты ақыны Шота Руставелидің туғанына 750 жыл толуы тойланды. Сол тойға Қазақстаннан барған делегацияны Жәкең бастады.

Грузин халқы ерекше құрметпен қарсы алды. Осы сапарында Жәкеңнің көрген тамашаларына арнаған Жәкеңнің бірнеше жырлары бар.

Кавказға барып қайтқан сапарында көргендерін Жәкең қызық әңгіме қып айтып отыратын.

1938 жылы 20 май күні, Жәкеңнің әдебиетпен айналысқанына 75 жыл толу құрметіне, Алматыда және Жәкеңнің ауылында той болды. Тойға Советтер Одағындағы барлық ұлттардан жазушылар келді. Жәкеңнің атына Совет Одағының барлық елдерінен, шетелдерден (Америка, Франция, Чехословакия т. б.) құттықтау телеграммалар келді.

Осы мерекемен байланысты, Жәкең Ленин орденімен наградталды.

1936 жыл мен Ұлы Отан соғысы басталудың екі арасында Жәкең 10000 жолдан артық жыр шығарды. Соның бәрі социалистік Ұлы Октябрь революциясының арқасында, Ленин партиясының жолымен, социалистік қоғам құрып, бақытты дәурен сүрген халқымыздың шаттық тұрмысын, қуанышты көңілін сипаттауға, халықтар достығын баяндауға арналған.

Халықтың, Совет өкіметінің ерекше құрметтеуімен, 1936 жылдан бастап қайта жасарғандай болған Жәкең 1940 жылдың бержағында кәрілікке мойындай бастады. Осы кезде Жәкең өзімен істес ақын — Қалмақан Әбдіқадыровқа:

Насыбай бер,

Насыбайын, бар болса жасырмай бер,

Саулық қойдың жасындай жасым қалды,

Бірер жылға Жамбылды асырай бер—

деп қалжыңдапты.

— «Ар жасы жүз» деп еді,— дейтін болды содан кейін Жәкең,— жүзге де ілуде біреу-ақ келетін еді, сол жүзді адымдап қалдым, балалар. Көздің қарашығы бұлдырап барады, көз алдымдағы кісі,— кісі емес, оның көлеңкесі сияқтанатын болды; оң құлағым жабылды, сол құлағым әрең естиді; бірер жыл бұрын атқа мінетін басым, енді орнымнан кісі сүйемесе тұра алмаймын; осы айнала тонаудың арты қайда соққалы келе жатқанын білесіңдер ме, балалар? «Ата-ананың жоралғысы» жақын, балалар. Шырақтарым, қамдана беріңдер...

Жәкеңнің үйінде тұрып денсаулығын қарайтын дәрігер Рахымбек Досымбековтен басқа, 1936 жылдан бастап Жәкеңді үнемі бақылап отыратын — Қазақстандағы атақты дәрігердің бірі — X. Барлыбаев болатын.

X. Барлыбаевтың айтуынша, Жәкеңнің өзге денесі қартайғанмен, жүрегі — жас, оның жүрегі 100 жасты еркін көтереді.

Жәкеңнің денсаулығын жеке қарау — Алматы қаласындағы қазіргі Министрлер Советі ауруханасының міндеті болды. Осы аурухананың алдыңғы қатардағы дәрігерлері Барлыбаев және Зотов жолдастардың ақылымен, 1940 жылдан бастап Жәкең диэтаға кешті. Сол күннен бастап, Жәкең дүниеден көзін жұмғанша, диэта даярлап беретін Фатима Файзрахманованы Жәкең аса жақсы көріп, «мені емізген екінші шешем — осы» деп, қалжыңдап отыратын еді.

Өзінің күнделік қызметкерлерінен Жәкеңнің және бір жақсы көретіні — шофері, өз ауылының жігіті — Нағашымбек Байсабаев болды.— Ту сырты еліктің артқы сандары сияқты тіп-тік болып, балаша елгезектеніп ұшады да жүреді байғұс, бұл да мені кезеңді жерде балаша арқалап әкетеді, дер еді Жәкең Нағашымбек туралы.

Өз туысқандарынан, өз балаларымен қатар, Жәкеңнің ерекше жақсы көргені — туған ағасы Тәйтінің баласы — Сатыш.

— Тәйті Мекеге қажылыққа кеткен жолда өлді,— дер еді Жәкең,— қажылыққа аттанарда, үш жастағы жалғыз баласы осы Сатышты қолынан жетектеп маған алып келіп: құдай алдында сенің қолыңнан алам,— деп еді, жарайды деп уәде бергенмін. Содан бері осы шіркін өз балаларымнан кем көрінбейді.

Жәкең оған да қалжыңдағанда, аш күзендей бұраңым деуші еді.

Жәкең ауылы Жамбыл колхозы деп аталады. Сол колхоз ұйымдасқаннан бүгінге дейін Жәкеңнің немере інісі Тұрап Мыржиев үздіксіз бастық боп келеді.

— Бұл шаруаға жүйрік,—дер еді Жәкең, ол туралы,— бірақ қулау, түлкінің іні сияқты, ішінде қалтарысы көп.

Ауылында Жартыбай Қырықбаев дейтін шамалылау бір ақынды «осы суыр сияқты: әрі жалтақ, әрі бақырауық» дейтін еді.

Жәкеңмен біраз жұмыс істеген ақын Қалмақанның екі танауы көтеріңкі делдеңдеу кісі. Оны Жәкен, «шеміршек болған жылқыдай делбеңдеуін қарашы» деп қалжыңдайтын еді.

Өмірзақ ақын қара кескінді, ақ шашты, ақ сақалды адам. «Басын ұнға тығып алған қара мысық сияқты» деп ойнар еді Жәкең онымен.

Оңтүстік Қазақстанда тұратын қарт ақын Орынбай Тайманұлы жіңішке дауысты және шырылдаңқырап сөйлейтін кісі, оны Жәкең «Тауқұдірет» дейтін еді.

Семей облысындағы ақын Нұрлыбек Баймұратов денелі, зор мұрынды адам, Жәкең бір күні соған қарап: «жайылған үйірін шыңның басында күзеткен арқардың қошқары сияқты екен»,— деді.

Осылар сияқты, жаратылысында, мінезінде өзгешеліктер бар адамдар туралы Жәкеңнің беретін сын-мінездемесі аса көп болатын.

— Шіркін көз-ай! деп өкінетін болды Жәкең, 1940 жылдың бержағында көзі бұлдырлана бастаған соң,— «қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар; қара көзден нұр тайса, бір көруге зар болар» деген — осы. Кезге не ілексе сол қызық көрінетін дүние-ай!

Осылай қартайғанына арнап, 1941 жылдың көктемінде шығарған өлеңінде Жәкең былай дейді:

Сақалым темір күрек борға малған,

Селеудей шашым селдір, зорға қалған.

Аузыма ақ жабағы жапсырғандай,

Кәрілік немді қойды қорламаған.

Құлпырған қызыл шырай түсімді алды,

Аузымды опырайтып тісімді алды;

Босатып буынымның шегелерін,

Сыпырып тұла бойдан күшімді алды...

Содан кейін айтқан бір өлеңінде:

Жетіппін жүре-жүре қыр басына.

Жол екен таусылмайтын бір ғасырға,

Елбіреп екі аяғым дірілдейді,

Көз жетпей тұрары ма, тұрмасы ма,—

дейді. Осындай халге түскен Жәкең, дәрігерлеріне былай деп наз айтады:

Тамырдың тілі қалай, дәрігерім?

Жамбылға турасын айт, сыр жасырма.

Жетелеп біраз күнге жүріңдерші,

«Кез болдық қайдан,— демей,— бір масылға».

Жәкең осылай кәрілікке мойындаған кезде, 1941 жылдың 22 июнь күні Ұлы Отан соғысы басталды. Бұл басқыншылыққа ызаланған Жәкең:

Асқар таудай еліме,

Байтақ жатқан жеріме, —

Шапты фашист,— дегенде

Ашуменен аралас,

Жыр да келді көмейге,

Қаһар қаулап денемде!—

деп бастап «Ата жаумен айқастық» деген ұзақ, жыр айтты.

Ұлы Отан соғысының тақырыбына соғыстың төрт жылында Жәкең 3000 жолдан артық жыр шығарды. Халқымыздың отаншылдық намысын күшейте түсуде, совет адамдарының елдегі, майдандағы тамаша ерліктерін сипаттауда Жәкеңнің бұл жырларының тарихи маңызы аса зор.

Мысалға «Ленинградтық өрендерім» деген жырын алайық. Бұл жырды Жәкең, Ленинградтың халі аса бір ауыр шақта — сүйікті Ленин қаласы жаудың, қоршауында қалған кезде шығарды. Осы кезде Жәкеңнің, жырының күші қандай болғаның Ленинград Жазушылар одағының қазіргі председателі, Ленинградты қорғауда ерекше көзге түскен адамның бірі орыстың белгілі ақыны Александр Прокофьев былай дейді:

— Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры жарияланған кез Ленинградтың халінің аса бір ауыр шағы еді. Бұл шақта, немістің қоршауында қалған Ленинградта азық өте аз болды: күніне жұмыс істейтін адам 250 грамм, жай кісі 150 грамм нан алды: ет, май дегенді халық өте аз және өте сирек көрді, басқа азықты көрген жоқ. Үйлерге кіретін су тоқтатылды, канализация істемеді, отын атымен болмады. Жау атқан снаряд пен бомбалардың салдарынан шынысы қирап, терезе біткен аңырайып ашық тұрды, Электр жарығы да нашар жанды, тіпті қаладағы үйлердің көбінде болған жоқ. Қалаға жаудың оғы үздіксіз жауып тұрды.

Осындай халде Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» деген жыры газеттерде жарияланды. Халықтың рухын көтер)'де ерекше күші көрінген бұл жырды Ленинградтың радиосы күніне әлденеше рет оқып тұрды. Жыр үлкен әріппен басылып, көшелерде плакат боп ілінді. Сол плакатты үймелесіп оқысып, көздерінен жастары сорғалаған талай адамдарды көрдім. Немістердің самолеттері төбеде ұшып бомба тастап жүргенде, бомбаубежищеге тығылудың орнына, Жамбылдың жыры басылған газетті алуға көшеде кезекте тұрған адамдарды талай көрдім.

Прокофьев жолдас сөзін аяқтай келіп, Жамбылдың бұл өлеңінің Ленинград халқын және оның жауынгерлерін жігерлендіруде өте зор қызмет атқарғанын айтады.

«Ленинградты қорғау» деген атпен шыққан қалың кітапта Жәкеңнің «Ленинградтық өрендерім» деген өлеңі көрнекті орын алды.

Жәкеңнің Ұлы Отан соғысына арналған жырларының күші Жәкеңнің атына жүздеп-мыңдап келген хаттардан да байқалады.

Жәкеңнің жырына 1941 жылдың 13 сентябрь күні өлеңмен жауап қайтарған, армияға өзі тіленіп барған, Ленииградтық бірінші атқыштар полкының жауынгері, соғыстан бұрын Ленинград технологиялық институтының профессоры — Всеволод Зубганинов былай деп жазады:

«Ленинградтық сенің балаларың,

О, Жамбыл, мақтанышы Отанның.

Саған сәлем жолдайды

Соғыстың қорқыныш жылында.

Мен тіпті ақын емеспін,

Менде жоқ сөзге шеберлік,

Менің сөздерім көмескі жарқылы ғана

Сенің нажағайдай жырыңның.

Сенің өлеңін, маған қадірлі,

Себебі, ол жалған жарқылдауық емес.

Одан мен сеземін іздерін.

Ойлы, ұйқысыз түндердің.

Зубганинов жолдас рас айтады: оның бұл сөзбе-сөз аударылған өлеңі шын мағынасындағы өлең емес, бұл үйлестіріп айтқан жабайы сөздер; бұл сөздердің қасиеті — шын жүректен шыққандығы.

* * *

«Осы хатты Сізге жолдап отырған қазақ ұлы Сейітов Дүйсекей, оның командирі орыс ұлы Сахаров Борис. Блиндаждан кейін шегінбейді, фашистерді талқандауға ілгері басады.

Бізге ардақты жырларыңызды жіберіп тұрыңыз, олар бізге жәрдемші. Адресіміз: Майдандағы армия п. п.—130 94— С.1.10/ІІІ, 1942 ж.».

* * *

Сүйікті Жамбыл!

Сенің балаң Алғадайдың майданда көрсеткен ерлігіне сүйсініп шығарған жырыңды «Коногвардеец» деген әскери газетке басып ек, маңызы өте зор болды. Осы сияқты жырларды тағы жазуыңды өтінеміз.

Редактор — Рабцун.

20/1, 1943 ж.».

* * *

«Сүйікті Жамбыл!

Майданға қазақтың артистері келіп кетті, сенің жырыңды айтты. Тамаша екен. Мың рақмет.

Коневалюк, Гобатадзе. П.П.03677—А»

* * *

«Жамбыл ата!

Бұл хатты жазып отырған жауынгерлер: қазақ — Несіпбаев Мұқат, бурят — Одонов Роман, біз барлаушы боп қызмет істейміз... Сіздің жырларыңыз жауды жеңуде аса зор құрал. Сол құралды көбірек жібере көріңіз. Біздің адресіміз:

П. П. 833, бөліміміз —435».

* * *

Майдандағы жауынгерлерден, командирлерден, саяси қызметкерлерден Жәкеңнің атына келген хаттардың түрлері осы, Отан соғысындағы Қызыл Армияның әрбір жеңісіне Жәкең ерекше шаттанар еді, атағы шыққан ерлерді көруге құмартар еді. Сөйтіп жүргенде, 1943 жылдың жазында, майданнан Советтер Одағының батыры деген зор абройлы атаққа ие боп, қазақ халқының ардақты ұлының бірі Мәлік Ғабдуллин Алматыға келді.

Мәлік Жәкеңе сәлем беріп қайтуға аулына барды. Оның баратыны Жәкеңе телефон арқылы хабарландырылып қойылған еді.

Өзге қонақтарын Жәкең үйінің ішінде қабылдайтын. Ымшық-шымшығы көп қарт адам, көңілі келмей отырған жағдайда, қашан өзі бабына келіп алмай, үстіне кіруге ұлықсат етпейтін. Көңілі түсе қоймаса қабылдамай жіберетін адамдары да болатын.

1940 жылдың бержағында, төсекте отырып қалған Жәкеңнің көбірек сергитін уақыты сәскелік асын ішкеннен кейін болушы еді. Түскі астан кейін Жәкең ауырлап, кешке қарай жатып қалатын да, содан, келесі сәскеге дейін, өзін күтетіндерден басқаларды маңына жолатпайтын.

Мәлік Жәкеңнің үйіне күн бата жетті. Дағдылы күнде бұл Жәкеңнің жатып қалатын шағы.

Мәлік барса, Жәкең үлкен ағаш үйінің ал дындағы көгалда, кілемнің үстінде отыр екен, қолында — домбырасы.

Сәлем беріп қолын алған Мәліктің, қолын Жәкең ұстап тұрып, оның батырлық істерін естігені, көруге ғашық болғаны туралы ұзақ жыр айтты.

— «Мәлік келеді дегенді сіздер таңертең хабарладыңыздар ғой,— деді Жәкеңнің баласы Тезекбай бізге,— содан бері тәтем осы арада отыр. Үйде неге отырып қарсы алмайсыз?— десек:— Сезбе екен сол? Бұрын батыр дегенді құлақ естіп, шіркін соларды көрмеген екеміз деп өкінетін ек, сол батыр енді үйге келсе, оны үйде отырып қарсы алу кісілік бола ма? Әттең, не керек, шегіп отырған күнім, әйтпесе, шауып алдынан шығар ем,— деді. «Машина деген жүйрік тыз етіп келіп қап, қапы қалармын»— деп Жәкең ұзақты күнге үйге кірген жоқ, асты да далада ішіп, далада қалғыпты.

Амандықтан кейін Мәлікті үйіне кіргізіп, Жәкең оның күтіміне де ерекше көңіл белді, бас тартты.

Мәлік те, оның серіктері де кешкі астан кейін, ұйықтауға Жәкеңнің алма бақшасының ішіне жатқан едік. Оны Жәкең байқаған жоқ-ты.

Бақшада Мәлікпен қатар ұйықтап жатсам, мені біреу оятады. Басымды көтерсем, ай жарық екен, оятқан колхоз бастығы Тұрап Мыржиев.

— Сізді Жәкең шақырады,— деді ол.

Барсам, Жәкең өзінің ұйықтайтын бөлмесінде, шам жақтырып, төсекте киініп отыр екен.

— Оларың қалай,— деп ренжіді Жәкең,— жыланы бар жер бұл, қапыда жылан шақса қайтесіңдер батырды? Көрпесі ашылып қап, салқын тисе қайтесіңдер? Ай жарықта шыбын-шіркей болады; олар маза да бермей жатқан болар. Безгектің масасы бар десіп жүр ғой осы жақта, осылай маса шағып ауыртып алсаңдар, қайтесіңдер?.. Батырды үйге жатқызыңдар.

Мәлік үйге кеп жатты.

Панфиловшыл 8-гвардиялық дивизияның даңқты қолбасшысының бірі, полковник Бауыржан Момышұлы үйіне қонаққа барғанда да, Жәкең Мәлікке жасаған құрметті көрсетті.

Жәкеңнің белінен алты ұл болған: Қожамберді, Қожаш, Аққұлы, Ізтілеу, Алғадай, Тезекбай. Бастапқы екеуі ертерек өліпті. Соңғы тірі төртеуінің екеуі — Ізтілеу мен Алғадай армия қатарына алынды. Майданда Алғадайдың көрсеткен ерліктерін айтып бөлім бастығы хат жазғанда, Жәкең аса қуанды. 1942 жылдың күзінде Алғадайдың өзі әкесіне хат жазып, ерлік қимылдарымен таныстырады. Соған қайтарған жауабында

Жәкең:

Хатыңды, балам, оқыдым

Қалыңды білдім сапардан.

Қуанып соған отырмын

Гвардеец атанған.

Сұраншы, Саурық секілді

Болыпсың балам, қаһарман... —

деп, ерлігіне сүйіне отыра:

Есіңде, балам, бар шығар,

Айтқаным Отан әмірін,

Шегінбе жаудан, жанды сал,

Шешілмек содан тағдырың!—

деп, баласына әлі де болса, рух бере түседі. Бұл жырын Жәкең:

Достарыңа сәлем айт!

Жауларыңды жеңіп қайт! —

деген тілекпен бітіреді.

Жәкең, Алғадайды аса жақсы көріп: «өзге балаларым— бір тебе, бұл — бір тебе» деп отыратын еді.

1943 жылдың жазында Жәкеңнің сол аса жақсы көретін ұлы Алғадайдың ерлікпен қазаға ұшырауы туралы хабар келді. Аулына барып, бұл хабарды Жәкеңе Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі бастаған комиссия естіртті.

— Әттең, дүние-ай!— деді ұзақ уақыт сазарып отырып қалған Жәкең, басын көтеріп,— бұл қайғыны қалай көтерем енді?.

Қайғы Жәкеңе аса ауыр соқты. Бір жырында ол Кенен мен өзінің әдеби хатшысы Ғалиға мұңын былай деп шағады:

Алатауды айналсам,

Алғадайды табам ба?

Сарарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?

Әлім деген — у екен

Мендей кәріп адамға.

Күнде үйімде күңіренем,

Көзіме жас алам да.

Алғадай майданға аттанғаннан 7 күн кейін әйелі Жәмеш босанып, ұл тауып, Жәкең оның атын Қуаныш қойған. Алғадайдың өліміне бүгіле қайғырған Жәкеңнің бір жұбанышы осы Қуаныш болды. Ол туралы Жәкең былай дейді:

Ал, Қуаныш, Қуаныш,

Сені етейін жұбаныш.

Алғадайым өлгелі

Боп кетіп ем жылағыш.

«Ата, ата»— деп келсең

Айналайын, алайын.

Ақ бетіңнен өпкен соң,

Жүрегімді жамайын.

«Жамайын» дегенмен, Жәкеңнің қайғыдан жыртылған жүрегі жамалмады. Ол енді құлдырай қартайды: 1944 жылдан бастап, көзі көруден, құлағы естуден қалды. (Сол құлағы ғана әлсіз естіді), кісі сүйемей, төсектен басын көтере алмайтын болды. Ғали Орманов бір барғанға, сондай халде отырған Жәкең былай деп екі ауыз өлең айтыпты:

Сөндің бе, жарқыраған шам-шырағым?

Қалдың ба тас бекініп, қос құлағым?

Жатсам да төсек тартып дәрменім жоқ,

Сен болып сөйлетесің жалғыз жағым.

Қалыппын ие болмай өзіме-өзім.

Әлім жоқ, күш-қайратты етті көзім.

Балалар, өлгенімше асырай бер,

Сендерге сол-ақ айтар соңғы сөзім.

«Соңғы сөзім» — дегенмен, көңіл көтеріңкі минуттарында Жәкең қарап отырмай, бірлі-жарымды ауыз өлең айта берді. Оның ең соңғы көлемді жыры фашистік Германияның біржола қирап жеңілген 9 май күні шығарылды. Бұл хабарға қуанған Жәкең үйіне жиналған жұртқа ұзақ жыр айтып, жырда: «Енді өлсем де арман жоқ»— деп аяқтапты. Бұл жырды жазып алар кісі болмағандықтан, сақталмаған.

Жәкең жеңіс тойынан кейін ұзақ жасамады: 1945 жылдың 15 июнь күні сырқаттанып, ауылынан Алматыдағы қазіргі Министрлер Советінің аруханасына кеп түсіп, 22 июнь күні, таңертең, дүниемен біржола қоштасты.

Көп тілді, бір мазмұнды совет әдебиеті, Жәкеңнің өлімін түгел азалады. Қазақстан Жазушылар одағының атына СССР, Украина, Белоруссия, Латвия, Литва, Ленинград, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузин, Тәжікстан, Татарстан, Дағыстан, Карело-Фин, тағы басқа совет елдерінен жүздеген көңіл айту телеграммалар келді. Ардақты алып ақынның өліміне бүкіл Совет Одағы түгел қайғырды.

Январь, 1946 ж.

Жамбылдың 1946 жылы қазақ тілінде шыққан шығармалар жинағына алғысөз.

Сәбит МҰҚАНОВ


Бөлісу:
up